Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі астанада бір түнде жаңбырдың жарты айлық мөлшері жауғаны туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазгидрометтің мәліметінше, маусының 15-нен 16 қараған түні 22 мм жаңбыр жауды, айлық мөлшер – 37 мм. Бұл айлық мөлшердің жартысынан көбі. Қала көшелерін су басуына жол бермеу үшін әкімдік нөсерлік кәріз құрлысы бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Мысалы, Б.Момышұлы даңғылы қаладағы проблемалы учаскенің бірі. Аталған учаскедегі су басу проблемасы биылғы жазда шешімін табады. Көшеде нөсерлік кәріздің магистральдік коллекторының құрылысы жүргізілуде. Аталған кәріздің ұзындығы шамамен 500 метр. Басы Дауылпаз көшесінен басталып, Елім-ай көшесіне дейін жалғасады (Б.Момышұлы даңғылы бойында). Осылайша аумақта жауын-шашын кезінде су басу мәселесі толығымен шешіледі», - делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Сондай-ақ «Жастар» шағын ауданында (Тәшенов және Амман көшелерінің қиылысында) жеткізуші коллекторларды қайта жаңартуға байланысты тазарту қондырғыларының жұмысы жүргізіліп жатыр. «Жастар» шағын ауданындағы жаңа қондырғылардың қуаты тәулігіне 42 мың текше метрден асады. Бұл жауын-шашын кәріздерінің өткізу қабілетін едәуір жақсартады.
«Бұл тазарту қондырғылары Тәшенов, Бараев, Уәлиханов, Иманбаев көшелері мен Республика даңғылындағы тасқын судың алдын алады. Өйткені құрылғы жерастын орнатылып, ал үстінде гүлзар салып, шағын сәулет мүсіндері орнатып, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу көзделген. Құрылысты 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр. 2019 жылы жауын-шашын кәріздері мәселесі «Мыңжылдық» аллеясы ауданындағы екі аумақта толықтай шешілген еді», - деп толықтырды әкімдік.
Жалпы қала әкімдігі су алып кете беретін Бауыржан Момышұлы көшесіндегі проблеманы осыдан екі жыл бұрын шешуге уәде берген еді. Әйтсе де одан бері де «қайық жүзген» көшені тағы бірнеше рет су басып қалған болатын.
Ал осы жылдың мамырында даңғылдағы проблеманың шешімін тапқанын жария етіп, «енді қайық көшедегі суға жүзбейтініне» сендірген болатын.