07 қаз, 2020 сағат 14:03

Жыл сайын камера көмегімен 1,5 млн-ға жуық жол ережесін бұзу анықталады

Елімізде жыл сайын бақылауға арналған техникалық құралдардың көмегімен жол жүрісі ережесінің 1,5 млн-ға жуық бұзылуы анықталады. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жол жүрісі қатысушыларының тәртібін күшейтуге Жол жүрісі ережелерінің бұзылуын автоматты түрде тіркеуді енгізу септігін тигізіп отыр. Қазір елімізде шамамен 11 мың камера орнатылған. Олар өздерінің тиімділігін көрсетті. Республика бойынша жыл сайын бақылауға арналған техникалық құралдардың көмегімен Жол жүрісі ережесінің 1,5 млн-ға жуық бұзылуы анықталады. Бұл жалпы Жол жүрісі ережелері бұзылуының анықталған фактілерінің шамамен 40 пайызын құрайды. Аталған жүйе барлық облыс орталықтары мен қалаларда қолданылады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, ішкі істер органдары жол инфрақұрылымының жай-күйіне де бақылауды жүзеге асырады. Жыл басынан бері жол-техникалық инспекциясы бөлімшелерінің көмегімен 388 шақырымнан астам жолға 20 мыңнан астам тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жол жүрісі қауіпсіздігіне теріс әсері бар жол-көлік инфрақұрылымындағы 39,5 мың кемшілікті анықтады. Аталған кемшіліктерді жою бойынша 19 мыңнан астам ұйғарым шығарып, жолды күтіп ұстауға жауапты 2,5 мыңға жуық лауазымды тұлғаға айыппұл салды. 

Аталған баспасөз мәслихаты барысында ол елімізде 2020 жылдың 9 айында 8 933 жол-көлік апаты орын алып, салдарынан 1 265 адам қаза тапқанын, 11 780 адам жарақат алғанын айтқан еді.