12 жел, 2020 сағат 12:30

Жыл басынан бері еліміз бойынша 180 мыңнан астам волонтер жұмысқа тартылды

Жылдың басында волонтерлік ұйымдар саны шамамен 200 болса, жыл соңына қарай волонтерлік бағытта жұмыс істейтін топтар саны 675-ден артты.

Бұл туралы бүгін «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінде өткен волонтерлердің бейресми кездесуінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Birgemiz» республикалық фронт кеңсесінің басшысы, «Ұлттық волонтерлік желісінің» атқарушы директоры Татьяна Миронюк бүгін волонтерлердің бейресми кездесуі екенін айтты.

«Волонтерлер жылы ресми түрде жабылды. Әр сенбі сайын волонтерлік қызметтегі координаторлар үшін бейресми кездесу ұйымдастырылады. Кездесу барысында волонтерлерді қалай тартуға болатыны, іс-шараларды қалай ұйымдастыру керектігі туралы мәселелерді талқылаймыз. Волонтерлік осы уақытқа дейін де болған, кейін де болады. Биылғы «Волонтерлер жылы» осы бағыттағы жұмыстарды реттеуге болатын жолдарды көрсетті. 

2016 жылы Волонтерлік қызмет туралы заң қабылданған болатын. Келесі жылы осы заңға волонтерлік қызметті дамытуға көмектесетін өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Болашаққа қатысты жоспарымыз көп. Аймақтарда жұмыс істейтін фронт-кеңселердің жұмысы жалғаса береді. Биыл еліміз бойынша 180 мыңнан астам волонтер жұмысқа тартылды. Бұл ресми статистика. Жұмысқа тартылған волонтерлердің саны бұдан да көп деп ойлаймыз. Себебі еш жерде тіркелмеген волонтерлік топтар бар, сондай-ақ өзін волонтер деп атамайтын, бірақ қоғам игілігі үшін қайтарымсыз негізде жұмыс істейтін адамдар көп. Осылардың бәрін қосқанда 180 мыңнан асатыны сөзсіз. Жылдың басында волонтерлік ұйымдар саны шамамен 200 болса, жыл соңына қарай волонтерлік бағытта жұмыс істейтін топтар саны 675-ден артты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», - дейді Татьяна Миронюк.

Колледж студенті Сырымбет Жанұзақұлының волонтер болып жүргеніне 3 жыл болған.

«Алғаш рет EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өткен кезде волонтер болдым. Бұл ұсынысты әпкем айтқан еді, кейін волонтер болуға деген қызығушылығым арта түсті. Әзірге конференция, форум ұйымдастырушыларына көмек көрсетудеміз. Болашақта әлеуметтік, экология саласына қатысты волонтерлікпен де айналысамын деген жоспарым бар. Бүгін Ұлттық волонтерлік желі координаторларының оқуы болып жатыр. Пандемияға байланысты жұмысымыз біраз тоқтап қалған, ал негізінде аптасына бір рет осылай бас қосып, оқу жұмыстарын жүргіземіз. Осымен үшінші апта кездесіп отырмыз», - дейді «Қаржы академиясы» АҚ колледжінің 2-курс студенті, волонтер Сырымбет Жанұзақұлы.