21 мам, 2020 сағат 12:02

Жыл басынан бері 400-ге жуық шалғай ауыл жылдамдығы жоғары интернетке қосылды

Жыл басынан бері 400-ге жуық шалғай ауыл талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясы бойынша жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылдың басынан бері 393 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі салынды. Бұл ауылдық елді мекендерді жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жобаны іске асырудың нәтижесінде мүмкін болды. Бұл жоба 2018 жылдан бастап мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаты бойынша іске асырылуда. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұл жобадағы серіктестері, еліміздің ірі байланыс операторлары: «Қазақтелеком» АҚ, сондай-ақ құрамына «Транстелеком» АҚ мен «SilckNetCom» ЖШС енген консорциум» деп атап өтеді министрліктен.

Ведомство мәліметінше, 2020 жылдың соңына дейін байланыс операторлары өз қаражаты есебінен 20 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық байланыс желілерін салып, 1250 шалғай ауылдағы мектеп, аурухана мен әкімдікке кең жолақты Интернет желісіне қосылу мүмкіндігін ұсынады. «Оптикалық - талшықты» жоба іске асырылғалы бері 2065 аурухана, мектеп, шұғыл әрекет ету қызметі, әкімдік және тағы басқалары жұмыс істейтін 706 ауылға желі жүргізілді. 

Сонымен қатар, ауылдарда талшықты-оптикалық желілер болған жағдайда ұялы байланыс операторларына өздерінің базалық стансаларын орнатуға және ауыл тұрғындарын сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз ету мүмкін болмақ. 

Елімізде іске асырылып жатқан екінші жоба аясында ұялы байланыс операторлары 2020 жылдың соңына дейін 250-ден астам адам тұратын барлық ауылға мобильді Интернетті жүргізуге міндеттелді. Бұл ретте ТОБЖ жобасын жүзеге асыру нәтижесінде құрылған инфрақұрылымды ұялы операторлар 3G/4G технологияларын қолдану үшін белсенді пайдаланбақ. 

«Осылайша 2020 жылдың соңына қарай жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 5 163 жетеді. Бұл елді мекендерде тұрып жатқан халық саны ел халқының 99,3 пайызына тең» делінген министрлік ақпаратында.