19 қар, 2020 сағат 11:42

Журналистердің Этикалық кодексін жетілдіру қажет - Нұртөре Жүсіп

Сенат төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен сенатор Нұртөре Жүсіп Премьер-Министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Онда Журналистік әдеп кодексін жетілдіру мәселесі көтерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сауал жолдаған депутаттардың сөзіне сүйенсек, заң аясында жауапкершілік қарастырылса да, өңірлік БАҚ-та зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе келеңсіз әрекет жасаған балалардың суреттері мен олар туралы деректерді жариялау мәселесі кездесіп жатады. Ал жеке өмірге қол сұғушылықтың салдары ауыр болуы мүмкін. 

«Кәсіби этиканы бұзуға жол бермеу үшін журналистердің Этикалық кодексін жетілдіру қажет. Оған жұртшылық өкілдерін, мүдделі уәкілетті органдарды, сондай-ақ, Парламент депутаттарын жұмылдырған орынды болар еді», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп. 

Айта кетейік, аталмыш депутаттық сауалда, сондай-ақ адам құқықтары негізін бастауыш сыныптан бастап оқыту керектігі айтылды. 

«Жыл сайын балаларға қатысты қылмыс саны көбейіп отыр. Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, биыл елімізде мұндай жағдай 8 пайызға өскен. Оған кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы фактілерді жасырғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі де себеп болды. Жалпы, 70 пайыздан астам жағдайда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды жақын, туыс адамдар жасайтыны алаңдатады», – делінген сенаторлардың депутаттық сауалында.