Кезіндегі Кеңес Одағын мақтасақ та, даттасақ та, қалай десек те, сол Еуразия құрлығындағы империяның құрамындағы санаулы өзге елдер секілді, қазақ жұртының ұлы жетістігі, одақтас республика болып құрылғаны әлем алдындағы шындық. Осы, одақ мемлекеттерінің бірі саналатын Қазақ республикасының тұтастығын сақтап қалу сол кездегі алдыңғы буын ағаларымыз - қазақ қайраткерлері үшін оңай болған жоқ. Сонымен қатар, одан кейінгі тың игеру жылдарындағы қысылтаяң уақыттағы ұлтымыздың адал да, күрескер ұлы, саясат және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің айтулы еңбегін мақтанышпен, көкірек кере айтуымызға толықтай болады.
Ол 1915 жылы 20 наурыз күні Ақмола облысы қазіргі Аршалы ауданының Бабатай ауылында дүниеге келеді. Құрылыс техникумын бітіріп, жерге орналастыру жұмысымен айналысады. Тура отыз үш жасында Солтүстік Қазақстан облысының атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарады. 1955 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Президиум Кеңесінің төрағасы болып тағайындалса, 1960 жылдан бастап республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып жұмыс істейді. Бірақ, осы биік лауазымдарға дейін бұл азамат түрлі мемлекеттік қызметте, айтар болсақ, облыстық партия комитеттерінде қызмет атқарды. Мүмкін, құдайдың қазақ елінің маңдайына берген ұлы шығар. Сол бір уақытта, Никита Хрущевтің солақай саясатының кесірінен, Қазақстан аумағынан бес облысты тың өлкесіне жатқызып, көрші Ресейдің құрамына кіргізуге шақ қалғанда, өз тағдырын ойламай ара түсуі үлкен ерлік емес пе?! Отаншылдықтың үлгісі деп осыны айт! Әйтпесе, қазіргі күндері Қазақстан шекарасын қай аумақтан шегендер едік?.. Қазақ жерінің қазіргі аста-төк астығы кімнің иелігінде қалар еді?!
Әлі есімде, Ақмола облысының Есіл ауданында қызмет етіп жүргенімде, сол өңірдегі астық қоймаларының (элеватор) қабырғаларында «Есиль – ворота целины!» деп жазылып тұратын. Сол жақта жүргенімде жұмыс бабымен бұрынғы ауылдық партия хатшысы Раздольный ауылының тұрғыны Есбол Керімбеков ақсақалмен кездескенімде, сөз арасында ол кісінің Хрущевтің осы ауданда болғанын және оның Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген тың игерушілердің алдында сөйлеген сөздерінен, бұл өлкенің көп уақыт өтпей РСФСР-дің құрамына қосылатынын аңғарған едім. Сонда: «Қазақ жерінде туып, орыс елінде қалатын болдым-ау деп ойлағаным әлі күнге дейін ойымнан кетпейді», - дегені әлі есімде тұр.
Осы одақтас республика үкіметінің түпкілікті қарсы тұруы мен дәлелді және дәйекті түсініктемесінен кейін, қолдан ұйымдастырылған «Тың өлкесі» жобасы таратылып, еліміздің солтүстік және шығыс облыстары республика құрамында қалғаны белгілі. Бірақ, азулы Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшенов жоғарғы лауазымынан босатылып, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының атқару комитетінің төрағасының орынбасары болып «айдауға» жіберіледі. Дәл осы оқиғаға орай, Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың қазіргі Қазақстан Республикасының Гимніне айналған құдіретті «Менің Қазақстаным» әні қазіргі күндері жалпы қазақстандықтардың сүйікті әніне айналды.
Жұмабек Тәшеновтің жары Бәтес Ыдырысқызы өзінің кезінде журналистерге берген сұхбатында, сол бір уақыттағы Министрлер Кеңесі төрағасының тығырыққа тірелген кезеңдегі ұстамдылығы мен алысты көре білетін қайраткерлігін, азаматтығын сыздықтап айтса да көп нәрсені аңғартқандай.
Өз уақытында қазақтардың ұйысып ел болуына, қоныс еткен бүкіл мекендерін жинақтап, алып мемлекет болып, орнығуына, теңдессіз еңбек сіңірген, Кремльге қарсы тұрып, нар тәуекелмен қазіргі Қазақстанның солтүстік және шығыс өлкелерін сақтап қалған айтулы азаматтың еңбегі шынымен де өлшеусіз. Кезінде, Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжанов осы облыстың әкімі болып тұрғанда (қысқа ғана уақыт), орысша аталып келген жеті ауданның аты бірден қазақша атау алған еді. Ал, қазіргі облыс әкімі, республика билігіне осы уақытқа дейін ұсыныс жасап, бір ауданның немесе кішігірім қаланың атын (мүмкін, Степногорск қаласын) баяғыда-ақ, Жұмабек Тәшеновтің атына алып беруге мүмкіндігі бар еді ғой. Оны кім шектепті! Тек, әкімнің деңгейінің төмендігі ғой!