ҚР Білім және ғылым министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев «ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауы ережесіне енгізілетін өзгерістерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауы ережесіне енгізілетін өзгертулер жайлы қысқаша тоқталуға рұқсат етсеңіз. Аталған нормативтік қолданыстағы құжат 2015 жылы қабылданып, оқтын-оқтын өзгерістер енгізілді. Бірақ, сол уақыттан бері ол түбегейлі өзгеріске ұшыраған жоқ. Грант мөлшері - 2 мың АЕК. Бұл жобаны қаржыландыру 01 бюджеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Осы жылдардың ішінде жоғары оқу орындарының 3 мыңнан астам оқытушысы атақ алды. Бірақ, бұл жерде белгілі бір кемшіліктер бар. Ең алдымен аталған конкурсты өткізудің, оның ішіне ЖОО кезеңін өткізудің ашықтығына қатысты», - деді Әділет Тойбаев министрліктің аппарат жиналысында.
Оның атап өтуінше, республикалық деңгейде апелляцияға беру мүмкіндігі, байқау аясында қолданылатын көрсеткіштерді есептеу әдістемесі, ЖОО мәліметтер базасымен интеграциялауды цифрландыру жоқ.
Бұл байқау қатысушыларына теріс ақпараттар ұсынуға жол ашады.
«Биыл байқауды цифрлық форматта ұйымдастыру және өткізу ұсынылады. Байқауға құжаттарды беру ЖОО мен республикалық кезеңде ақпараттық жүйе арқылы болады. ЖОО кезеңі ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Құжаттарды сараптау үшін бұған дейін сарапшылар тобы іссапарға шығатын. Енді мұның барлығы цифрлық форматта өтеді», - деді Әділет Тойбаев.