Соңғы кездері «инклюзивті қоғам», «инклюзивті білім беру», «инклюзивті экономика» және «инклюзивті қатынас» деген ұғымдар көп қолданыс тауып жүр. Инклюзивтілік ұғымының терминдік мағынасы ағылшынша «inclusion» - «ішке тарту» дегенді аңғартады, ал оның кері түсінігі «exclusio» - «сыртқа тебу» дегенді білдіреді. Бұл түсінік алдымен педагогикада, яғни кемтар балаларды кемсітпей, арнайы интернаттарға қамап бөлектемей, шеттетпей, басқа сау балалармен қатар өзін жайлы сезінетіндей ахуалда оқыту мен тәрбиелеу практикасында қолданылды. Кейінірек, инклюзивті қатынас мүмкіндігі шектеулі адамдарға («мүгедек» атауының өзі кемсітушілік деп саналады) жағдай жасау арқылы қоғамдық өмірдің өзге салаларына да тарала бастады. Осылайша, әсіресе батыс қоғамдарында, инклюзивті қоғам орнықтыру туралы сана қалыптаса бастады. Өзінің кең мағынасында бұл әркімнің өз жынысы, нәсілі, жасы, мәртебесі, ұлттық, діни және мәдени тегі, сондай-ақ физикалық және ментальдық жағдайының ерекшеліктеріне қарамастан, тіпті көзқарас алшақтықтарына қарамастан өздерін қауымдастықта қабылданған толыққанды мүшесі ретінде сезінетін қоғамды білдіреді. Бұл адамдардың жаратылыстық әртектілігін, барлығының бір дәрежеде өмір сүруге деген табиғи құқығын мойындаудан, соған сәйкес өз төзімділігінің шекарасын кеңейтуге деген, инклюзияны интеграциялық қалып ретінде қабылдау ниетінен туған ұмтылыс. Ислам дінінде бұл Жаратушының қайырымды да мейірімді сипатының барлығын және әркімді төл табиғи болмысымен қамтитын универсалдығымен түсіндіріледі.
Бұл мәселенің өзектілігі соңғы кездері қоғамда, бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде кемсітушілік пен өшпенділік көңіл-күйдің күшейе түсуімен сипатталады. Әсіресе, ұлттық, мәдени және діни түбірлерге негізделген «біз және басқалар» деген қарама-қарсы антитезаның салқыны қатаң агрессия мен балағаттауға әкеледі. Жұртшылық арасында мемлекеттік билікке деген сенімсіздік белең алып барады. Кез келген мәселені талқылау, мәселенің өзінің төңірегінен тысқа шығып, жеке тұлғалардың өздеріне қарай бағытталып, оларға әр түрлі атаулар жабыстырылатын болды: «ұлтшыл», «ватник», «нацпат», «нұрбот», «космополит», «уаххабшы», «сәләфит», «сақалды», «зікірші» және т.б. Әрине, олардың радикалдықпен шектесетін іс-әрекеттерін ақтауға болмайды, бірақ оларды осыған итермелейтін әрқилы әділетсіздіктер мен әлеуметтік себептердің алдын алған анағұрлым тиімді. Және де экстремистік деп танылған ағымдармен жұмыс жасағанның өзінде оларды қатардан шығарудың емес, қатарға қосудың жұмсақ амалын жасау қажет. Жоғарыда аталған мүдделес топтардың әрқайсысы әлеуметтік желілерде бір мәселені талқылағанда, тек өздерінің көзқарастарын ғана құптап, қалған бөтен ұлттың, діннің, мәдениеттің өкілдерінің көзқарастарына тарпа бас салатын үрдіс пайда болды. Тіпті мұндай бөліп-жарушылық қалыпқа айналып, алуантүрлілікті мүлдем мойындамайтын эксклюзивті қоғам орнықтырудың алғышарттары пісіп-жетіліп келе жатқандай. Мәселен, бір уағызшының көзқарасына бола, қазақстандық мұсылман жамағаты екі тарапқа бөлініп отыр. Әрине, бұл үрдіс жаппай бұқаралық сипат алмағанымен, жағымсыздық әлеуеті басым келеңсіз жағдай.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2019 жылдың 2-қыркүйегінде Жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрықтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталды. Оның бұлай аталуы, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы кикілжіңді бәсеңдетуге бағытталған сыңайлы. Жолдаудың мәтінінде «инклюзивті қоғам» және «инклюзивті экономика» түсініктері бар және «ел бірлігі оның әралуандылығында» екендігі баса айтылды. Жолдаудың мазмұнынан Президенттің қоғамды жегідей жеп келе жатқан сыбайлас жемқорлық, клептократия, озбырлық, ысырапшылдық тәрізді келеңсіз құбылыстарға жол бермей, шынайы, әділетті және қоғамдық пайда ескерілетін мемлекет қалыптастыруға мүдделі екендігі байқалады. Этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікке негізделген дін саласындағы мемлекеттік саясат сабақтастықпен жалғасатын ниет бар.
Біздің ойымызша, біріншіден, қазақтардың діни бірегейлігі мен діни дүниетанымы әдетте руханилыққа, ксенофилияға, прогрессивті өркениеттілікке үндейтін әрі саясаттан тыс болуды құптайтын исламның сүннеттік доктринасына сәйкес келеді. Екіншіден, қазақ мұсылманшылдығының инклюзивтілігі (кеңпейілдігі мен бауырмалдығы) мен қазақшылдықтың (ұлтшылдығының) тарихи және өркениеттік негіздерімен арасында терең байланыс бар.
Біз Жолдаудан туындайтын ресми саясаттың инклюзивті ұлттық және инклюзивті діни бірегейлікті қайта түлетуге, сонымен қатар озық либералды құндылықтарды ұлттық құнарға отырғызып оңтайлы қабылдауға, экономикадан түскен игіліктердің қоғам мүшелеріне тең бөлінетіндей жағдай жасайды деп үміттенеміз. Қазақтың дәстүрлі діни бірегейлігі жаңғыртыла түскен жағдайда, бұл келешекте бой көрсету қаупі бар этноцентризмге сүйенген әсіре ұлтшылдықтың үстемдігінің және Қазақстанның мұсылмандар үмбеті арасында исламның жат жерден келген эксклюзивтік түсіндірмесінің өсуінің алдын алады. Әдетте туындаған мәселелерге ақыл таразысына («мизанына») салынған ұтымды жауап беретін, «қиясты» қабылдайтын «ханафилік-матуридтік мектептің» дәстүрлі әдіснамасы әдетте исламның радикалдық қырынан көзге түсіп жүрген «литералистік» (қатаң әріптік) түсіндірмесіне діни-интеллектуалдық тұрғыда кедергі бола алады.
Бақытжан Сатершинов
Қазақстан Дінтанушылары конгресінің төрағасы