Ақмола облысында қатты аяздың салдарынан істен шыққан автобустарда болған 150 жуық Қырғызстан мен Өзбекстан Республикаларының азаматтарына көмек көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ТДЖ баспасөз қызметінің дерегі бойынша, ағымдағы жылдың 24 қаңтарында сағат 06:30 шамасында Астрахан ауданы аумағындағы «Алматы-Екатеринбург» тас жолының 114 шақырымында жол ашушыларға автобус істен шыққаны туралы ақпарат түскен.
«Оқиға орнына жеткен құтқарушылар мен тәртіп сақшылары автобустың Қырғызстанның Джалалабад қаласынан Мәскеуге бағыт алғанын анықтады. «Мерседес спринтер» автобусында 22 жолаушы болған. Олардың барлығы Қырғызстан Республикасының азаматтары. Жолаушылар Астрахан селосындағы орта мектепке жайғастырылып, ыстық тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.
Сол күні сағат 21:17-дерде Көкшетау қаласының маңында 22 өзбекстандық азамат отырған автобус та істен шығып, шетелдік жолаушылар облыс орталығындағы әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізілді. Ал, арада жарты сағат өткен соң өзбекстандықтар мінген тағы автобустың істен шыққаны анықталды. Бұл автобуста Өзбекстанның 37 азаматы мен 2 жүргізуші болған. Олар облыс орталығындағы «Аламан» қонақ үйіне жайғастырылды.
Сонымен қатар, құтқарушылар 25 қаңтарда түңгі сағат 00:30 Қырғыстан Республикасының 59 азаматы мен 4 жүргізушісі болған жолаушылар автобусына көмек көрсетті. Олардың барлығы Көкшетау қаласының әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізіліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді», - деп түсіндірді баспасөз қызметіндегілер.