23 шіл, 2025 сағат 15:33

ЖИ шығармашылықта: Өнердегі жаңашылдық па, қауіп пе?


Фото: RDI.Creative

Леонардо да Винчи “Мона Лизаны” 14 жылға жуық салса, Лев Толстой “Война и мирді” 6 жыл жазған. Туындыларын жоғары эстетика мен өнердің шыңырау шегіне жеткізу үшін өмірлерін арнаған жандар тарихта аз емес. Олардың шығармалары ғажап туынды ғана емес, адам баланысың қажыр-қайрат, талант, еңбек пен табандылық арқылы жете алатын мүмкіндігінің көрінісі деуге болады. Алайда бүгінгі күннің техно революциясы болған жасанды интеллект (ЖИ) адамнан асырып шығарма жазып, сурет салатын, кино түсіріп, музыка жазатын қабілетке ие. Жасанды зерде жасаған шығармашылық туынды өнердегі жаңашылдық па, әлде керісінше өнерді құнсыздандыратын, адамдарды жұмыссыз қалдыратын қауіп пе? Ult.kz тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрді.

Жасанды интеллектің қауқары адамнан да асып кетіп жатқанын мойындайтын мамандар жетерлік.

“Жасанды интеллект қазір адамдардан да асырып өлеңдер, шығармалар шығара алады. Қазіргі таңда ЖИ жасап шығарған туындыны адамдікінен ажырату өте қиын. Мынаны адам жасады, мынаны жасанды интеллект жасады деп дөп басып айта алмайсың”, дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Сайланбаев.



Фото: Әлібек Сайланбаев / Ортком

ЖИ қолдану тәртібі немесе жаңа заң қашан шығады?

Комитеттің төраға орынбасарының сөзінше ЖИ қолданылған шығармаларда арнайы жасанды интеллект жасағаны туралы белгі болуы тиіс.

“Жаңа жасанды интеллект туралы заң бойынша жасанды интеллект жасаған шығармаларға арнайы «жасанды интеллектпен жасалған» деген маркировка қойылуы керек деген ой болып жатыр. Ол жаңа шығып жатқан дүние емес, инстаграмда да, тиктокта да сондай белгі бар, ол қолданыста”, дейді Әлібек Сайланбаев.


Еске салсақ, 16 шілдеде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев үкімет отырысында 2025 жылдың бірінші жартыжылдығынан кешіктірмей Қазақстанда “Жасанды интеллект туралы” заңның пайда болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, реттеуші орта ЖИ қауіпсіз, жауапты және этикалық пайдалану үшін жағдай жасауды көздейді.


Фото: Жаслан Мәдиев / informburo.kz
“Үздік әлемдік тәжірибеге негізделген ЖИ технологиясын дамыту мақсатында Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп, этикалық нормаларды, мемлекеттік реттеуді, жұмыс істеуінің құқықтық режимін қабылдауды көздейтін “Жасанды интеллект туралы” заң жобасы әзірленді. ЖИ объектілері, ЖИ объектілерінің жіктелуі, ЖИ саласындағы мемлекеттік қолдау және стандарттау шаралары қамтылған”, - деді министр.


ЖИ және қазақ тілі мәселесі

Айтыскер ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов ЖИ ақындық өнерге еш қауіп төндіріп тұрған жоқ деп есептейді. Бұл туралы ол тілшімізге берген сұхбатында айтқан.


 Фото: Ринат Зайытов / Sputnik

“Қазіргі жасанды интеллектен үшінші класс оқитын балалар жақсы жазады. Болашақта дамыса көреміз. Мемлекеттік тілдің, оның сөз қоры дамыса мүмкін жететін шығар”, деп отыр Р. Зайытов.


Google корпорациясының Қазақстандағы агенті Нұржол Табиғат baq.kz -ке берген сұхбатында тілге жауапты мемлекеттік мекемелер ЖИ дамуына тікелей араласуы қажет деп айтыпты. Оның сөзінше қазір кейбір жүйелер қазақ пен қырғыз тілін шатастырып жатады. Бұл тіл саясатына қатысты бөлек мәселе.

ЖИ адамдардың жұмысын жеңілдете ме, әлде жұмыссыз қалдыра ма?

Айта кетейік, бұған дейін біз кинематография саласындағы алпауыт компаниялардың бірі Netflix алғаш рет сериалда жасанды интеллект эффектілерін қолданғанын жазғанбыз. Компанияның тең төрағасы Тед Сарандос Аргентинаның “Мәңгілік” ғылыми-фантастикалық сериалындағы ғимараттың құлау көрінісін жасау үшін бейнелерді жасайтын жасанды интеллект пайдаланылғанын айтты.


Аргентиналық актер Рикардо Дарин Netflix-тің "Мәңгілік"сериялында / Фото: BBC

Оның сөзінше қолданылған генеративті ЖИ түсірілім тобына дәстүрлі арнайы эффект құралдарын қолданғаннан гөрі түсірілім реттілігін 10 есе жылдам аяқтауға және түсірілім бюджетін анағұрлым үнемдеуге көмектесті.

“Бұл технология шағын бюджеті бар жобаларға озық визуалды эффектілерді пайдалануға мүмкіндік берді”, деген болатын ол.


Жасанды интеллект 2023 жылы Голливудтағы ереуіл кезінде көтерілген негізгі мәселелердің бірі болды. Үш айға созылған ереуілде Киноактерлер гильдиясы мен американдық теледидар және радио әртістер Федерациясының кәсіподағы жасанды интеллекті пайдалануды реттеуді талап етті.

Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Сайланбаевтан біз ЖИ дайындаған туындының авторы кім болатынын сұрағанбыз, ол мұны күрделі сұрақ екенін айтып:

“Мысалы сіз ChatGPT арқылы жазып, 1-2 сөйлем өзгертсеңіз ол сіздікі бола ма, ChatGPT-кі бола ма? Егер сіз оны жариялауға жіберсеңіз онда сіз ғой автор”, деді ол.


«ЖИ адамды алмастырмайды, ЖИ қолданатын адам адамды алмастырады»

Қазір осы сала тез дамып жатыр. Қазір көптеген зертханалар AGI (жалпы жасанды интеллект) жасауға талпынып жатыр. Бірақ қазіргі таңда жасанды интеллект адамды алмастыра алмайды. Тек жасанды интеллект қолданатын адам адамды алмастырады деген ой бар. Ол құрал ретінде өте пайдалы, әр адам оны үйреніп, пайдалануы керек деп ойлаймыз”, дейді Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Сайланбаев.