Фото:ОКҚ
19 желтоқсанда Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың Орталық коммуникациялар қызметінде жылына бір-ақ рет болатын брифингі өтті. Әкімді келесі жылдың соңына дейін көрмейтін болғандықтан біз де толғандырған сұраққа жауап алып қалуға тырыстық.Әкімге әр журналист екі сұрақтан қоюына рұқсат етілген. Кезегі келіп, ULT.KZ тілшісі де өз сұрағын қойған еді, бұған дейін «анықтау мақсатында» деп тіпті 4-5 сұрақ қойған журналистерге үндемеген ОКҚ модераторы бізге келгенде ережені еске түсіріп, «тақырыптан ауытқыдыңыз» деп шүйлікті.
ULT.KZ: «Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша кірісі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтар саны бойынша Жетісу Түркістаннан кейін, екінші орында. Халықтың 7,8% кірісі күнкөріс деңгейінен төмен деп саналады. Жақында доллар қатты қымбаттап, тауарға да баға қосылғаны байқалды. Жетісу тұрғындарының тұрмысы бұдан әрі түсіп кетпей ме? Және сіздің жалақыңыз халықтың орташа табыс көзінен 7 есе көп екенін былтыр естігенбіз. Өткен жылы брифингте 1,9 млн тг жалақы алатыныңызды айттыңыз. Сіздің айлығыңыз бен халықтың табысы арасындағы мұндай алшақтық халықтың тұрмысын жете түсінуге кедергі келтірмей ме?» -дедік.
ОКҚ модераторы: «Сұрағыңыздың екінші бөлігі тақырыптан тыс», -деп, әкімге қайырылып: «Оған жауап бермесеңіз. Біріншісіне жауап бере беріңіз», -деді.
ULT.KZ: «Жоқ, екеуі бір біріне байланысты ғой?!» -дегенімізге қарамастан, тізгін өз қолында болғасын «Ереже барлығына бірдей» деген желеумен Орталық коммуникациялар қызметі модераторы сұрағымызға толыққанды жауап алуға кедергі келтірді.
Ал біз Бейбіт Исабаевтың жауабын күттік. Себебі, сұрақ толық қойылды, модератор оны қандай сұрақ деп тапқаны емес, әкімнің жауабы маңызды. Алайда, білдей бір облысты басқарып отырған Бейбіт Исабаев ОКҚ модераторы Маржанның басқаруынан шыға алмады. Модератор әкімнің қай сұраққа жауап беруін, қай сұраққа жауап бермеуін нұсқап отырды.