07 қар, 2025 сағат 12:10

Омар Жәлел тоқал алуды насихаттағанына өкінді: "Бұл менің ең үлкен қателігім"

Фото: ашық дереккөз

Белгілі ғалым, абайтанушы Омар Жәлел тоқал алу туралы бұрынғы көзқарасына өкініш білдірді. Ол бұл тақырыпта ашық мәлімдеме жасап, өз тәжірибесінен түйген ойын бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның айтуынша, тоқал алу – бүгінгі таңда нәпсінің қалауы мен құмарлықтың нәтижесі ғана.

«Тоқал жайлы әңгіме — былжырақ әңгіме. Менің айналамда тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі — менмін. Біз әдетте нәпсінің қалауын ұрпақ, отан, т.б. биік ұғымдармен көлегейлейміз. Ұрпақ керек болса, бір әйелден де өрбітуге болады. Нәпсіңе ие болсаң, энергияңды сыртқа шашпасаң — ұрпағың көп болады», — деді Омар Жәлел.


Ғалымның сөзінше, бұрын тоқал алу – қоғамдағы қажеттіліктен туған құбылыс болса, қазір бұл тек нәпсінің жетегіне ерген әрекетке айналған.

«Бұрын тоқал алу — қажеттілік болған, қазір — нәпсінің қалауы, құмарлық, қала берді — мақтан. Бұрын мен осы мәселені көп көтердім. Айттым. Айтқан нәрсе міндетті түрде жүзеге асады екен», — дейді ол.


Омар Жәлел өз қателігін мойындап, осы тақырыпта айтқан сөздері үшін кешірім сұрады.

«Мен, “тоқал алмаңдар” деймін. Өз ащы тәжірибемнен айтып отырмын. Отбасының шырқын бұзбаңдар. Алған жарларыңды қадірлеңдер. Ұрпақ керек болса, солар-ақ туып береді. Бұл сөзді мен айтуға тиіспін. Өйткені көп жігіттер менің сөзіме ерді. Менің сөзім оларға демеу болды. Елдің алдында жүрген соң әр сөзіңе жауап беруің керек. Мен осылай өзімнің қате айтқан сөзіме жауап беріп отырмын. Егер менің әсерімнен отбасы бұзылса, иіліп тұрып кешірім сұраймын», — деді ол.


Ол тоқал тақырыбының бүгінгі заманға сай еместігін де атап өтті:

«Мен — өз идеямның құрбанымын. Бұл идея іс жүзінде өзінің дұрыс еместігін көрсетті. Бұрын тоқалды бәйбішелер өздері алып беретін. Бұл мәселе өмірлік қажеттілігі болғандықтан ғана даналықпен шешілетін. Ол заман енді келмеске кетті. Заман өзгеріп кетті. Он тоғызыншы ғасырдың идеясы қазір өтпейді».


Философтың айтуынша, ол бұл ескертуін жеке өкініштен емес, өзгелерге сабақ болсын деген мақсатпен айтып отыр:

«Шәкәрімше айтсақ, апанға құлап кетіп, “апанға түспеңдер!” деп айқаласам, менің не кінәм бар?!» — деп түйіндеді Омар Жәлел.