02 там, 2016 сағат 15:33

«Жерді сатқысы келетіндер жерге кірсін!»

29-шілде күні Алматы облысының Кеген ауданындағы кезінде халықаралық жәрмеңкесімен, одан бөлек теңдессіз әсем табиғатымен әйгілі Қарқара жайлауында 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100-жылдығына арналған ас берілді. Алдымен аудан ортылығы Кеген кентінде айтулы датаға орай ескерткіш ашылды (1-сурет). Бірден айта кетерлік жайт – ескерткіш орнату, ас беру секілді ауқымды істің бәрі тікелей «Қарқара ереуілі» атты қоғамдық қор (төрағасы – Жанболат Жүргенбаев) құрып, барлық шығын мен ұйымдастырушылық жұмысты мойындарына алған туған жердің түлектерінің бастамасының, іскерлігінің, бірлігінің арқасы көрінеді. Ескерткішті ашу мәртебесі бұйырған Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаевтай ел ағалары  халықтың ынтымағы бұдан да әрмен беки түссін деп ақ тілек айты.

Бұдан соң той десе қу басына дейін жорғалайтын қазақ 150 ақ шаңқан үй тігілген Қарқара жайлауына қарай жылжыды. Тойда ән шырқалды, ас беріліп, әруақтарға арнап құран оқытылды, бәйге шабылды.

Осы жерде кеңес заманының өзінде «Қазақтың ұлт-азаттық көтерілісі» деп бағаланған 1916-жылғы көтерілістің 100-жылдығын өкіметіміз бен үкіметіміз мемлекеттік деңгейге атап өтуге құлық танытпағаны өте түсініксіз жағдай. Маусым тұрмақ шілде де өтті ғой. Облысынан айрылған Торғай елі де тым-тырыс. Үкімет үн қатпаса, қоғамға қалай кінә артарсың?..

1916-жылғы көтеріліс ең алдымен елдің, халықтың езілген, жаншылған рухын көтерген көтеріліс болып еді ғой. Бүгінгі біздің билікке сол батырлық дәуірді еске алып, қазақтың рухын көтеру керек болмағаны ма сонда?..

Қарқара көтерілісінің көсемі Жәмеңке би Мәмбетұлы «Бала өлгенше, шал өлсін!» деп ұран тастап, (бірінші болып құрбандыққа да өзі шалынды), елдің, болашақтың қамын ойлаудың қандай болатынын көрсетіп кеткен жоқ па? Біз осындай кемеңгер көсемдерді, көзсіз батырларды бүгінге ұрпаққа үлгі-өнеге етіп, жастарды отансүйгіштікке сол ерлердің тәлімі арқылы тәрбиелеуге тиіс емеспіз бе? «Көзсіз ерлік еліңді шексіз сүюден туады» деп кеткен жоқ па кешегі қазақтың Қадыры?

Мемлекеттің осы сияқты өзі ғана орындауы тиіс бірнеше міндеттері болады. Ол бас көтеруге жарамағанда қазақтың намысын жыртып, елдің абыройын аман сақтап алып қалған жетісулық бауырларымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Кеткен кемшіліктер жайлы сөз қозғаудың өзі артық, өйткені, жергілікті жігіттер тойды одан да биік деңгейде өткізуді білмеді деуге болмайды, білді, бірақ, шамаларының жеткені сол болды...

Асқа Алмагүл Мұхаманова бастап алып барған 30 «желтоқсаншы» батыр қыз-жігіттер екіге бөлініп, 63-ші және 71-ші киіз үйге түстік. Бізге бұйырған 63-үйді «Көксай» орта мектебінің ұжымы дайындаған екен. Мектеп директоры Алма Байтөлекованың өзі де «желтоқсаншы» қыздардың бірі болып шықты. Алманың жаратылысының батыр екені сөйлеген сөзінен, салған әнінен-ақ көзге ұрып көрініп тұрды. Бір қызығы, өзінің Жәмеңке биден тарайтынын айтқан ол атақты бидің тағы бір ұрпағы Майрамен сол дастархан үстінде танысып-табысты! Алма Байтөлекова сондай-ақ «Көксай» орта мектебіне осы мерейтой қарсаңында Қарқара көтерілісінің басшыларының бірі Құлиярбек Шотаманұлының есімі берілгенін үлкен қуаныш сезімге бөлене отырып жеткізді.  «Әділет әрқашан салтанат құрады, тек кешігіп келеді» деген сөздің ақиқаттығы тағы бір рет дәлелденді. Тек, 25 жыл дегеніміз тым үлкен мерзім емес пе екен?..

Қайтар жолда 1926 жылы көтерілістің 10-жылдығына қарай Қарқараға арнайы келген Ораз Жандосовтың ұсынысымен таудан атпен, арбамен тас тасып, халық өзі  қолдан көтерген «Ереуілтөбеге» соқтық. Төбенің алдында көтерілістің басшылары мен батырларының тізімі жазылған балбал тас орнатылыпты (2-сурет). Ал, 1996 жылы төбе үстінде ереуіл құрметіне ескерткіш қойылыпты (3, 4-суреттер).

Жасанды төбеден жан-жаққа қарағаныңызда туатын ой-сезім – қат-қабат! Біріншісі – таң қалыс! Айнала диаметрі 60 шақырым шамасында қолмен қойғандай теп-тегіс аймақты қоршаған таулар. Жердегі жаннат деген осындай-ақ болар.

Екінші ой-сезім – мақтаныш. Осындай жерді бүгінгі ұрпаққа жеткізген ата-бабалардың ерлігі мен табандылығы қандай болған десеңізші!..

Үшіншісі – алаңдаушылық. Тіпті, уайым және қобалжу. Неге? Себебі, біз бұған дейін адам баласы басынан кешпеген жаһандану дәуірінде тұрмыз.

Екіншіден, Қытай өз тарихында ешқашан бүгінгідей қарыштап дамыған емес еді. Және – біз үшін ең бастысы да осы - ешқашан Қытай адамзат тарихында бүгінгідей үлкен рөлді ойнаған жоқ еді. Ол кәзір – әлемде экономикалық қуаты жағынан 2-ші мемлекет. Әзірге! Ертең-ақ ең алдыңғы орынға шығатынына ешкім күмәнданбайды. Қытайдың 35 жылда өткен жолы күмәнданбауға мәжбүр етеді сізді.

Бұл айтылғаннан шығатын жалғыз ғана түйін бар – біз сыртқы ешбір ел біздің жерімізге заңдарымыздың осалдығын пайдаланып кіріп кетуіне иненің жасуындай мүмкіндік қалдырмауымыз керек. Яғни, қазақ жері шетелдіктерге жалға берілмеуі және ешкімге, өзінің қазағына да сатылмауы тиіс!

Біздің заңдарымыз бойынша асыл тұқымды мал зауыттарымыз жекешелендірілмеуі  тиіс еді. Тиіс еді... Кәне, сол зауыттар бүгін?!

Осы тұрғыдан келгенде жерді өз азаматтарымызға сатуға болады деп қалдырсақ, біз оның ертең немесе арғыкүні қалай өзге ел азаматтарының меншігіне өтіп кеткенін сезбей де қаламыз. Ендеше, бізге Жер кодексі мен Конституцияға тиісті өзгеріс енізіп, жер ешкімге сатылмайтынын шегелеп тастағаннан басқа жол жоқ. Сонда ғана тыныш ұйықтайтын боламыз.

Осындай қауіп-қатер барын сезбейтін, сезсе де қара басының қамынан басқаны ойлағысы келмейтіндер де бар арамызда. Олар: «Маған жердің сатылғаны керек! Мен жерді сатып алсам, ертең оны баптап, күтіп, ұрпағыма гүл жайнатып қалдырам» деген сөзді өте жақсы көреді. Сен балаңа мұраға жайнаған жерді (сөйтіп, балаңның түк істемей шалқасынан жатуын, азғындауын) аманат етпе, сен балаңа қазақ жерінің гүлденуі үшін елмен бірге аянбай еңбек етуді аманат ет!

Жердің жайы күндіз ойдан, түнде түстен шықпай қойғаннан болар, «Ереуілтөбедегі» ескерткішке көппен бірге гүл шоғын қойып, Жәмеңке бидің ұрпағы Майра және көтеріліс батыры Мергенбайдың немересі Сағидолламен (5-суретте - оң жақта) суретке түсіп болған соң, айналадағы пейіштей панорамаға қарап тұрғанда жоғарыдағы сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін білмей қалдым! Аузыма сол сөзді салған Аллаға мың алғыс!..

Өмірзақ Ақжігіт,

Ұлт порталы