03 ақп, 2021 сағат 12:27

Жемқорлықпен күрес: «Парасат жолы» жобасы таныстырылды

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Мәдениет және спорт министрлігінің «Парасат жолы» жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталықтарды ашудың мақсаты – ғылыми, шығармашылық интеллигенция және дін өкілдерімен бірлесіп қоғамда парасаттылық идеологиясын ілгерілету. 

«Парасат жолы» орталықтары ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, жастардың кездесулері үшін диалог алаңына айналады. Сондай-ақ, осы алаңда тікелей эфирлер өткізілетін болады. 

«Абай да қоғамды сынады, қоғамның кемшіліктеріне қарсы шықты. Осы жағдай біздің бүгінгі әңгімемізге тікелей қатысы бар. Психоаналитиктердің айтуынша, кез келген адам өзінің ақыл-дәрежесі, білімі, парасатына қарай өзін іштей қоғамға үйлестіреді. Өзімізді қоғамға сәйкестендірудің негізгі себебі – қорқыныш. Біреу заңды бұзып қоюдан, енді бірі ұятты болып қалудан қорқады. Әр адамның ішкі еркіндігі бар. Сол ішкі еркіндігіміз қоғамда болып жатқан жағдаймен қаншалықты сәйкес? Адамның қоғаммен үйлесімі саналы, парасатты, мәдениетті түрде жүзеге асуы керек. Еуропаның бір қадам алда келе жатуының басты себебі – оларда парасаттылық пен саналылық алда тұр. Біздің қоғамда парасаттылық мәселесі қалыптасқан жоқ. Қоғам мен әлеуметте қашан жарасымдылық болады – сонда ғана тәртіп, тазалық болады», - дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Ыбыраев.

 

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева бұл жобаның кітапханадан басталуы заңдылық деп санайтынын айтты.

«Парасат жолының» кітапханалардан басталуы заңды деп білеміз, себебі парасаттың бәрі кітапта. Биліктегі ел тізгінін ұстайды деген азаматтарымыз жемқорлыққа жол беріп алғаны жасырын емес. Біз кешігіп қалдық, халық бәрін көріп-біліп отыр. Енді халық болып күреспесек болмайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі ашылғалы аз жұмыс жасалған жоқ. Біраз жұмыс ыңғайға келіп қалды. Күнде «Анау ұсталды», «Мынау ұсталды» дегенді естиміз. Бұл – еліміз, ұлтымыз үшін ұят. Бұл қателіктер неден кетті? Кітапханаға барып кітап оқымағаннан кетті. Міне, жастарға үлгі болатын жұмыс басталған екен», - дейді ақын Ақұштап Бақтыгереева. 

Елордада «Парасат жолы» орталығы 8 қаңтарда Ұлттық академиялық кітапхана базасында ашылған болатын. Елордалық тәжірибені өңірлерге тарату мақсатында бүгін Қазақстанның барлық облыстық, қалалық және аудандық кітапханаларында, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік орталықтар іске қосылды.