07 жел, 2020 сағат 10:55

Жеке мәліметтер үшін сертификат қаншалықты қауіпті - министрлік түсіндірмесі

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов сертификат жұмысының тетіктерін түсіндіріп берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жүйенің өзі автоматтандырылған режимде жұмыс істейді. Яғни, пайдаланушы қайда барғанын, не істегенін, қандай құпия сөз енгізгенін ешкім қадағалап отырмайды. Ол тыйым салынған контентті нақты бұғаттауға ғана бағытталған. Қарапайым тілмен айтар болсақ, машина трафикке қолжетімділік алады және сол трафиктен өзінің қара парақшасына енгізілген сілтемелерді табуға тырысады. Ол пайдаланушыда жүйеден тыс өтіп бара жатқан сілтемені өзіндегі қара тізіммен салыстырады. Егер ол сәйкестікті анықтаса, онда мұндай сұрау салу тоқтатылып, пайдаланушы ешқандай жауап алмайды. Не болмаса «404 бетке» деген жазбаны көреді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, басқа кез келген жағдайда машина аталған ақпаратпен ештеңе жасамайды. Оның барлығы автоматтандырылған. 

«Біріншіден, онымен адамдар жұмыс істемейді. Екіншіден, азаматтарымызды бұл тұрғыда Конституция қорғайды. Бұл машинадан қандай да бір нақты адамға қатысты мәліметтер алу үшін Жедел іздеу қызметі туралы заң, Қылмыстық-процессуалдық кодексі бар. Құқық қорғау және арнаулы органдардың мұндай барлық іс-әреетіне жоғарыдан қадағалауды Бас прокуратура жүзеге асырады. Бұл ақпараттарды біреулердің өз бетінше алуы және пайдалануы заңсыз саналады», - деді Руслан Әбдіқалықов.