Фото: Кітапхананың баспасөз қызметі
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының Алматыдағы ғимаратында жазушы Ырысбек Дәбейдің «Тұманды қараша. Ай сонатасы» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған жиынға белгілі қаламгерлер мен жас әдебиетшілер, БАҚ және басқа да мәдениет саласының өкілдері, жалпы әдебиетсүйер оқырман қауым қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Кітаптың тұсаукесер рәсімін жазушылар одағының мүшесі, елімізге белгілі ақындар Есей Жеңісұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс және Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызы мен кітап редакторы Санжар Бекжан жасады.
Фото: Кітапхананың баспасөз қызметі
Жаңа кітапқа автордың кейінгі жылдары жазған әңгімелері мен «Тұманды қараша. Ай сонатасы» атты хикаяты енген. Бұлардың түгелдей дерлігі – әдебиетшілердің оң бағасын алып, республикалық, халықаралық бәйгелерде жүлделі болып, кең тараған туындылар.
«Прозада әлемде 36 сюжет бар дейді. Сол 36 сюжетті әртүрлі нұсқамен, әртүрлі комбинациялармен шығаратын жазушылар бар. Ол жазушының шеберлігі деп есептеймін. Мысалы, «Тұманды қараша» дейтін бір хикаяттың өзі былай қарасаң махаббат туралы айтып тұрған сияқты, бірақ ішінде замандардың параллельдігі бар, адамның ішкі терең психологиялық иірімдерін алып шығады. Қазір біздің замандағы адамның жалғыздығы, оның ойлары, оның депрессиясы, бәрі қамтылып тұр. Бірақ арғы жағында жазушы өте керемет астарлық қылып, адам қай жағынан қарасын, адамды бір айуандықтан, жауыздықтан, азғындап кетуден құтқаратын бір ғана сезім махаббат екенін көрсетеді. «Тұманды қараша» хикаятында адамның ішкі психологиялық иірімдері керемет суреттелген. Туынды адамды азғындап кетуден құтқаратын – махаббат екенін қайыра еске салады. «Steppe & World publishing» баспасы кітапты сапалы етіп шығарғанын да айта кеткім келеді. Қағазы, безендірілуі көңілге қонымды. QR-да беріліпті. Жаңа стандарттарға толық сай кітапты тасқа басқан баспа ұжымына, басшысы Раиса Кадерге алғыс айтамын. Қазақ оқырманының осындай тамаша, сапалы кітап оқуға қақысы бар», – дейді Ақберен Елгезек.
Ал Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызы қаламгер Ырысбек Дәбейді оқырман «Қоңыз» кітабы арқылы жақсы танитынын, осы басқосуға бір топ жастар арнайы қатысып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, SDU оқытушысы Ақбота Әбиір Ырысбек Дәбей шығармаларының әлем әдебиеті авторлары туындыларымен ұқсастығы мен айырмашылығына тоқталды:
«Тәні, жаны жаралы кейіпкерлер қазақ әдебиетінде де, әлем әдебиетінде де көптеп кездеседі. Ырысбек Дәбейдің шығармаларын оқи отырып, бірнеше шетел жазушыларының айтқаны мен шығармалары ойға оралады. Олардың барлығынан үзінді келтірмей-ақ қояйын. Мәселен, Эрнест Хемингуэй. Ол «Бәріміз жоғалған ұрпақтың өкілдеріміз» дейді ғой. Содан бері әлем әдебиетінде «жоғалған ұрпақ» деген бағыт қалыптасты. Ырысбек Дәбей шығармаларынан да сол «жоғалған ұрпақты» кезіктіресіз. Бірақ Ырысбектің кейіпкерлері де, олардың табиғаты да өзгешелеу. Ол кейіпкерлерді жіктеу үшін жаңа термин керек болар», – деді Ақбота Әбиір.
Осы орайда кітапта бірнеше әдебиетшілер өз пікірлерін жазып қалдырған екен. Сол ойларды оқырманға да ұсынсақ:
Фото: nege.kz
Жүсіпбек Қорғасбек, жазушы:
Шығарма соңында кейіпкер қызмет орнындағы эгосы өлген ортаны тәрк ету процесін бастан өткереді Ал айлы түнде өнерлі қыздың тақиясын шимен шегелеп беретін сәт, жас күніндегі сол оқиға «Шилеме шегелеме» деген күй болып кездейсоқ алдынан шығатын кез өзінің эгосын қайта оятқан аяулы шақ ретінде суреттеледі. Бұл сана түкпіріндегі психалогиялық иірімді таза сақтаған тіні тірі туынды.
Фото: Тоқтарәлі Таңжарықтың facebook парақшасынан
Тоқтарәлі Таңжарық, ақын:
Бұл бұлыңғыр түнді, бозаң шақты, бозғылт дүниені әсерлі күймен өрнектеген, онда да махаббат пен адамның ішкі ғадауатын астастырған, уақыт пен кейіпкердің арасындағы уілге ұқсас жатсыну мен шуаққа толы бауыр басуды шебер өрнектеген туынды. Өң мен түстің арасындағы оқиғалар аурасын жанды суреттейді. «Осындай бір махаббат хикаясы болған» деп келетін шығыстық баяндауды шығарма соңында іштей күбірлегендей боласың.
Фото: Ерлан Жүністің facebook парақшасынан
Ерлан Жүніс, ақын:
Ұмсынумен ұмытылулардың арасындағы өмірдің ұзын-ырғасында жады мен жүректе қалған жалт пен жылтты шебер байланыстырған шығарма. Демнен демге дейін үзіл- діріп, үзіктіріп отырады. Нәркес үмітке, нәби сезінге байланған нәзіктік новелласы, іңкәрлік сонатасы. Еркіңнен тыс өмір ағынындағы естанды хәл. Өртжүректің өз күйі. Осы күй махаббат мұғжизасындай сәт пен мәңгіліктің арасында қалған мұт орманына сапар шектіреді, сарсаң кештіреді. Біз қараша тұманына малынған мұт орманына неге тап болдық, не алып кірдік, нені жоғалттық? Кім болып кірдік, кім болып шықтық? Егер мұт орманында махаббатты жоғалқан болсақ, енді одан шығудың мәні бар ма?
Фото: qulady.ru
Файзулла Төлтай, ақын, әдебиеттанушы:
Адам жадының тек қана қазіргі шақтан өткенге қарай кері қозғалмайтынын, керісінше өткеннен қазіргі шаққа қарай да үздіксіз ілгерілейтінін және осы ілгерілеу кезінде есепсіз сәттердің гетерогенді уақыттар қақтығысындағы бұлыңғырлығы мен тұрақсыздығын мәтін ішіндегі мәтіндер арқылы көрсетуге тырысқан «Тұманды қараша» шығармасы, белгілі бір деңгейде адам баласының өзіне ең алыс және ең жақын тұрған сәттердің арасында танымсыз қалып қою жағдайын суреттейді. Бұл бейне бір мәңгі қайталанатын, қайталанған, қайталанып жатқан шексіз циклдік жағдай.
Ақбота Мұсабекқызы