Фото: Traveling.by
Жаз келісімен Қазақстанда дәстүрлі демалыс маусымы басталды. Бірі теңізге асықса, енді бірі ел ішінде демалуды құп көреді, ал үшіншілері жазды үйде өткізуді жөн санайды. Осыған байланысты Қоғамдық саясат институты қазақстандықтардың демалыс форматы, бағыты мен бюджеті туралы зерттеу жүргізіп, шынайы туристік көрсеткіштермен салыстырды, деп хабарлайды Ult.kz.
Сауалнама нәтижелері не дейді?
2025 жылы сауалнамаға қатысқандардың 51,6%-ы демалыста ешқайда бармайтынын айтқан. Бұл көрсеткіш бір жылда 27,4%-ға өскен. 2024 жылы мұндай жауап бергендер 40,5% болса, биыл олардың үлесі едәуір артқан.
Демалыста ешқайда бармаудың негізгі себептері — қаржылық шектеулер, өмір салты мен жеке басымдықтар. Әсіресе ауыл тұрғындары, зейнеткерлер, жұмыссыздар, үй шаруасындағы әйелдер мен табысы төмен азаматтар үйде қалуды жөн көреді.
Ал 48,2% қазақстандық демалысқа шығуға ниетті екенін айтқан (тағы 0,2% шешім қабылдамаған).
Олардың ішінде:
-
68,4% — ішкі туризмді таңдаған;
-
12,8% — ТМД елдеріне сапар шегуді көздейді;
-
32,4% — шетелге (Түркия, БАӘ, Египет, Тайланд және т.б.) барғысы келеді.
Ең танымал шетелдік бағыттар — Түркия, БАӘ және Египет.
Бұл үрдістер Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы деректерімен сәйкес келеді: сол жылы қазақстандықтар негізінен Ресейге, Түркияға және Өзбекстанға 5–15 күндік сапарлар жасаған. БАӘ – төртінші орында, Египет – жетінші.
Демалысқа қанша қаражат бөлінеді?
Сауалнамаға жауап бергендердің:
-
26,1%-ы — 100–200 мың теңге;
-
24,6%-ы — 50–100 мың теңге жұмсауға дайын.
Яғни, 50,7%-ы бір адамға 200 мың теңгеден аспайтын бюджетпен шектелмек. Бұл топ, негізінен, ішкі және ТМД елдеріне сапарды таңдайды.
Ал 19,2%-ы — 200–400 мың теңге жұмсауға дайын. Олар орташа бағалы шетелдік бағыттарға қызығушылық танытады: Түркия, Египет, Грузия және ТМД елдері.
