Фото: onetwotrip.com
Жаз мезгілінің келуіне аз ғана уақыт қалды. Биыл жазғы демалыстарда қай елге қыдырып баратыныңызды білмей отырсаңыз және сіздің бюджетіңіз шектеулі болса, ult.kz тілшісі Қазақстан халқы үшін тиімді елдердің тізімін жасап көрді.
Саяхаттау, жаңа елмен, жаңа мәдениетпен танысу, таңсық астан дәм тату сөзсіз ерекше әсер сыйлап, жұмысбасты адамдардың ішкі күйін реттеп, шабытына дем берері сөзсіз. Сондықтан, еңбек етіп отырған әр бір адам саяхат беретін әдемі күйді кешуге лайық.
Фото: ашық дереккөзден
ЕГИПЕТ
Көп қаражатты талап етпейтін, бірақ терең тарихы мен ерекше табиғаты өзін сүйсіндіре алатын, қазақтарға жат мәдениетімен таңқалдыратын ел - Египет. Шөл дала, пирамидалар, Қызыл теңіздің суасты әлемі ғажайып естен кетпес күй сыйлары сөзсіз. Шарм-эль-Шейх, Хургада және Марса-эль-Алам қонақүйлерінде барлық қызмет ішіне кіретін қонақүйлер көп. Ол әсіресе тамаққа ақша жұмсау туралы ойланбай, еркін демалуға мүмкіндік береді.
Египетте экскурсиялық бағдарламалар өте мазмұнды және қызықты. Саяхатшылар Гиза пирамидаларына, Каир мен Луксорға барып, ежелгі ғажайыптарды өз көздерімен көріп жатады. Египеттегі су асты әлемін тек сүңгуірлер ғана емес, кез келген адамға египеттіктер мүмкіндік жасап отыр. Ең танымал және арзан экскурсиялардың бірі — түбі әйнек қайықпен сүңгу және Синай шөліндегі джип-сафари деуге болады.
Фото:journal.tinkoff.ru
ВЬЕТНАМ
Соңғы жылдары Вьетнам қазақстандықтары көбірек қызықтыратын туристік елге айналып отыр. Соның бір себебі, демалыстың құны болса, екіншіден жайлы климаты мен таңғажайып ақ құмды жағажай демалысы. Оңтүстік Қытай жағалауындағы шығыс елі өзінің ерекше мәдениетімен, будда пагодаларымен, дәмді тағамдарымен де сізді тәнті етері сөзсіз.
Вьетнамның теңіз жағалауындағы Нха Транг, Фантьет және Муйне курорттары Көктем-жаз айларында қызады. Күзде жаңбырлы маусымға байланысты туристер сирейді. Бұл уақытта қонақүйлердің бағасы Шығыс Азия елдерінде үлкен мереке - 15 күн тойланатын қытай Жаңа жылына дейін төмен болып тұрады.
Вьетнамда қызықты экскурсияларды ұзақ іздеудің қажеті жоқ. Нагар мен ЛонгШон пагодасындағы ғибадатхана мұнараларымен танысқаннан кейін, Янг Бей экопаркіне немесе Ба Хо сарқырамаларына саяхат жасасаңыз болады.
фото: gotur.kz
АРАБ ӘМІРЛІКТЕРІ
БАӘ қазақстандық ауқатты адамдардың екінші үйіне айналғаны ел арасында көп айтылады. Ал қаражаты шектеулі адам үшін бұл Араб елі қысқа уақытқа демалып қайтуға тамаша мүмкіндік жасап қойған. БАӘ-не саяхаттаудың бір артықшылығы - ұшақтың тікелей рейстері деуге болады.
Зәулім Бурдж Халифа ғимаратына көтеріліп, Дубай Марина жағалауында серуендеу және Дубайдың 3 немесе 4 жұлдызды қалалық қонақ үйінде тұру арқылы Бастакияның Тарихи кварталын зерттеуге болады. Жай ғана жағажай демалысын армандайтындар Аджман, Фуджейра, Рас-Эль-Хайма сияқты курорттарға назар аударуы керек.