Сапасыз диссертацияға жағымды ұсыным берген рецензенттер мен ғылыми кеңесшілер диссертациялық кеңестің жұмысынан 3-5 жылға шеттетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің аппарат мәжілісінде Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова мәлім етті.
«Ғылыми кеңесшілер мен рецензенттерге докторнаттармен жауапсыз жұмыс істегені үшін жауапкершілік белгіленді. Егер докторанттың жұмысы қабылданбаса, оның ғылыми кеңесшісі мен жағымды пікір жазған маман 3-5 жыл бойы диссертациялық кеңестің жұмысына қатыса алмайды және докторлық диссертацияларға рецензия жаза алмайды», - деді Гүлзат Көбенова.
Комитет төрайымы диссертацияның қорғаудың ашықтығы қалай қамтамасыз етілетінін де айтты.
«Бұл бойынша да сын көп айтылғанын білесіздер. Жария түрде қорғау рәсімі енді міндетті түрде интернет арқылы тікелей эфирде көрсетіледі. Ресми рецензенттер диссертациялық кеңестің жұмысына міндетті түрде қатысып, құпия дауыс беруге қатысуы керек. Оның үстіне қорғауға осы саланың практикадағы мамандары да шақырулы мүмкін. Ең бастысы, диссертациялық жұмыс қорғаудан өткеннен кейін ресми сайттарда үнемі қолжетімді болуы керек», - деген министрлік өкілі диссертацияны сәтсіз қорғаған үміткерлерге қайта мүмкіндік беру жағы да нақты ережемен бекітілгенін ескертті.
«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, қорғау қорытындысы бойынша 4 түрлі шешім қабылдану керек деп бекіттік. Олар: PhD-доктор дәрежесін беру, дәреже бермеу, қайта толықтыруға жіберу немесе қайта қорғауға жіберу. Төрт шешімнің де негіздемелік себептері типтік ережеде көрсетілген», - деді Гүлзат Көбенова.