Бірден айту керек, діни экстремизммен күрес дін ұстанушылармен күрес ретінде қабылданбауы қажет. Сондай-ақ, қазіргі елдің 70 пайызынан астамын мұсылмандар қауымы құрайтын, жастардың жаппай дінге бет бұрып жатқаны жағдайында қоғамнан дінді алшақ ұстауды орынсыз деп білемін. Керісінше, өркениетті елдерде дін негізінен қоғамның басты ұстанымының бірі ретінде қалыптасқан. Дәстүрлі қазақ қоғамында да дін айрықша орын алған. Мәселен, қазақ педагогикасының негізгі іргетасын қалаған Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі талай қазақ баласының көкірегін оятып, ғылым-білімге үндегені аян. Осы өлең жолының басы «Бір Аллаға сыйынып» деп басталып, «Кел, балалар оқылық!» деп жалғасын табуының өзі ақиқатты аңғартып тұрғандай.Ағартушы педагог 1883 жылы«Мұсылманшылдықтың тұтқасы» атты оқулық жазып,қазақ балаларын имандылыққа баулып, олардың мұсылман дінінің қағидаларын игеруіне айтарлықтай үлес қосты. Исламдық дәстүрлі ағарту мектебін қалыптастыруға сонымен қатар ұлтымыздан шыққан ойшылдар, ірі дін білгірлері – Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы өшпес рухани мұра қалдырып кетті.
Шүкір, бүгінде осы аталар мұрасын жаңғырту жағдайындамыз. Елбасы - Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек» деп атап өтті. Сондай-ақ, Елбасының«Біз тегіміз-түрік, дініміз-Ислам екенін ұмытпауымыз керек. Ол үшін қасиетті кітап –Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек. Дінімізді, тілімізді сақтау – ұлттығымызды, мемлекеттігімізді сақтайды» дегені тағы бар.Сол сияқты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының салт-дәстүрімізге, табиғи болмысымызға, діни жолымызға сай келетін діни мектептің рөлін қайта жаңғырту туралы жаңа бастамасы да қазақ мұсылмандығының болашағы үшін жасалған игі қадам екені даусыз. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты кітабында егжей-тегжейлі айтылады.
Расында да, көріп-біліп отырғанымыздай, Қазақстан мұсылмандарының қарашаңырағы саналатын Діни басқарма бүгінде дамудың жаңа сатысына аяқ басып, заман ағымына сай жұмыс жасап келеді. Елорда төріне ауысқан соңғы төрт жыл ішінде ауқымды жобалар іске асып, Ислам дінін оқытып-үйрететін мамандар даярлау жұмыстары жолға қойылды, Діни басқарманың 2020 жылға дейінгі білім берудідамыту Тұжырымдамасы қабылданды, ҚМБД-ға қарасты медреселердегі 32 діни пәндердің типтік оқу бағдарламалары жасалды, жаңа Тұжырымдамаға сәйкес Сарыағаш, Шымкент, Алматы, Ақтөбе қалаларында медреселер колледж статусына көтерілді, елдегі мешіттер саны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы 63 мешіттен 3000-ға дейін жуықтады, тоғыз медресе - колледжде 1717 студентбілім алуда, сондай-ақ облыс, қала, аудан орталық мешіттері жанынан ашылған тұрақты діни сауат ашу курстары жұмыс істейді. Өткен 2018 жыл«Ислам және отбасы жылы» болып жарияланып, көптеген игі істер жүзеге асты. Атап айтқанда, облыстық, қалалық мешіттердің жанынан арнайы отбасылық кеңес беру орталықтары ашылды, «Отбасым» топтамалық кітабы жарық көрді, ҚМДБ дін қызметкерлерінің ыждаһаттылықпен атқарған шараларының нәтижесінде 518 адам дәстүрлі дінге бет бұрды. Жыл басында киелі Түркістанда «Ислам және Ұлы дала өркениеті» атты конференция және наурыз айында мүфтияттың ұйытқы болуымен Елордада тұңғыш рет Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы өтті.Түркістанда мүфтияттың арнайы кеңсесі ашылса, ҚМДБ Елордада өз алдынакітапханасы, акт залы, спорт залы, намазханасы, компьютер бөлмесі бар төрт қабатты жаңа ғимаратқа қоныс аударды.
Бір сөзбен айтқанда, осынша әлеуетке ие Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастарды имандылыққа тәрбиелеу бағытында тиісті оқу-тәрбие беру орындарымен ынтымақтасып, нақты жұмыстар атқарып жатса ұтарымыз анық. Және де мына жайтты есте ұстаған жөн. Қасиетті Құранның 719 жерінде ғылым-білім туралы айтылады. Яғни, Ислам діні жай қарапайым дін ғана емес, үлкен өркениет, ғылым мен білімге негізделген дін.Сондықтан біз имандылық негізіндегіәділетке ұмтылатын, әділет мұраттарын ұстануға мүдделі қоғамдық өмірге қол жеткізсек арманымыздың орындалғаны дей беріңіз. Ұлы ойшыл, ғалым және ақын Жүсіп Баласағұнның: «Жастары иманды елдің – болашағы зор» деп ескертуі тегін емес.
Қандай халықтың болсын ерекше қастерлі қасиеттері болады екен. Қазақ халқы үшін, бұл – имандылық, адамгершілік. Сонау атамзаманнан бері қариялар жас өскіндерге алғысын «Иманды, ырысты бол» деп білдірді. Яғни иманды ырыстан, байлықтан жоғары қойды, осыны бала санасына сіңірді. Ал шырық бұзғандар болса «Не деген имансызсың» деп сөкті. Ол дәуірлерде қарғыстың ең ауыры еді бұл. Халқымыздың түсінігінде иман сөзінің аясында сенім мағынасымен қатар, барлық асыл қасиеттерді (ұят, ар-намыс, сабырлық, жомарттық, шыншылдық, адалдық, мейірімділік, кішіпейілділік, т.б.) қамтитын түсініктер көрініс тапқан. Бұрынғы дуалы ауыз аталардың сөйлеген сөздерінен, істеген амалдарынан имандылықтың желі есіп тұратын.
Аталарымыздың айтуынша иман адам жүрегінен орын алып, көкірегінде сақталуы тиіс. Бұлай болмаса жексұрын әдеттер жаулап алып, адамды теріс жолға жетелеп әкетуі мүмкін. Әрине, қауға түскен өрттей жаман қасиеттерді санамалай берудің өзі ауыр. Дегенмен, олардан айналып кете алмайтының да анық. Абай қазаққа тән нашар қасиеттердің түрін он беске жеткізген. Қазіргі ғалымдарымыз отызға жеткізетін көрінеді.
Иә, күнделікті өмірде небір келеңсіз әрекеттердің бой көрсетіп отырғаны рас. Ол жөнінде айтылып та, жазылып та, көрсетіліп те жүр. Мәселен, жоғары лауазымды адамдардың қылмысқа бой беріп, істі болып жатқандары бәрімізге де белгілі. Алаяқтықпен айналысып талай адамның обалына қалғандар, атқа мінгеніне желігіп, заңды белінен басып, желден әрі озбақ болып жүргендер, тамыр-таныстықпен майлы жілікке ие болып, өз күй-жайларын күйттеумен айналысатындар, тиісті істі нақты шешудің орнына сөз бұйдаға салып, жұртты әурелейтіндер, ақылынан айласы үстем, қабілетінен қулығы басым адамдар, өз сыбағасына құлдық ұрып жеуге әзір тұратын құл мінезді бағыныштылардың қатары сирейтін емес. Нәпсіқұмарлық, дүниеқоңыздық, қатыгездік пиғылдар мен жағымпаздық,науқаншылдық, көзбояушылық әдеттер бел алып барады. Сыбайлас жемқорлық,мұқтаж адамдарды жеке мәселелерін шешу үшін пара беруге мәжбүрлеу,дәрменсіз жандарға қиянат жасау тиылмай келеді. Ұлтқа қара күйедей жағылған енді бір мінез – ол өз қатемізді түсінсек те оны біреуге арту немесе жаныңнан жау тауып, сонымен күресу. Сондай-ақ, «Алаяқ болмай атақ жоқ, арамза болмай бақ қайда?» деп хакім Абай айтқандай бастық болу үшін нені болса да сатып жіберуге даяр адамдардың қарасы әлі азаяр түрі жоқ. «Ел пайдасы» деген түсінікті «Өз басымның пайдасы» деген түсінікке біржола алмастырып алған азаматтар жеткілікті.
Әрине, бұл тұста көп мәселе әрбір адамның жеке сана-сезімінің, ішкі жан-дүниесінің, ар-ұятыныңтазалығына, ең бастысы, имандылығына байланысты екендігі анық. Ұят ізгіліктің ұясы, ал ізгілікке ұмтылу, жауыздықтан безіну адамның жаратылыс пайымында бар құндылық десек барлық мәселенің мәнісі тәрбиеге келіп тірелері анық. Кезінде халқымыздың көрнекті өкілдерінің бірі Жүсіпбек Аймауытов «Тәрбие» деген мақаласында «Рум халқын атақты, күшті қылған кім? Тәрбие. Ескендірді данышпан хәкім қылған кім? Аристотельдің тәрбиесі. Неронды залым қылған кім? Философ Сенеканың қате тәрбиесі. Неміс жұртының ұлтшылдық, бірлікшілдігі неден? Тәрбиенің қуаты. Міне, тәрбиенің зор ғылым екендігіне, адам баласын бұзатын да, түзейтін де тәрбие екендігіне дәлел осы», деп жазуы тегін емес.
Рухани құндылықтарды адам өзінің бойына жас шағынан сіңіре бастайды. Осындайда балалық шақ еске түседі. Күн исі сіңіп, жусан исі аңқыған қазақы топырақта өстік. Сондағы қариялардың, ұстаздардың жоғары білімі болмаса да, сол сауаттан артық даналығы мен өмір тәжірибесі болған. Сол даналық бізді аялады. Мәселен, өзінің талайлы тағдырында ауыр тұрмыстың дәмін бір кісідей татып, жақсыныда, жаманды да біраз көрген менің ата-анам біздің бойымызға кісіліктің ізгі қасиеттерін сіңіруге ұмтылды. Кейін байқағанымдай, күн сайын көзге онша көріне бермейтін қарапайым адамдардың іс-әрекеттері шындап келгенде жоғары адамгершіліктің үлгісі екенжәне де оған әлденеше мәрте көзім жетті. Әлі есімде, өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында бізден теміржолмен арнайы вагондарға артып, басқа аймақтарға пресстелген шөптердіжөнелту қажет болды. Бұл жұмысқа біраз адам жегілді, ал ақысына сол шөп белгіленді (шарт бойынша берілуге тиіс шөптің мөлшері тиелген вагонның санына қарай байланысты болды). Ел болғасын әртүрлі адамдар бар. Біреулер вагонның бет жағын ғана қалқайтып,артық шөп алу үшін қулыққа барды. Біздің де осындай тірліктерге бастайтын әрекетімізді менің әкем тыйып тастап отыратын, ал өзі вагондарды кенересіне дейін нығыздап толтыратын. Әкемнің сондағы «Біреуді алдасаң, обалына қаласың, бұдан өткен күнә жоқ. Адамды алдауға болар, Алланы алдай алмайсың!» деген сөздері мәңгі есімде қалыпты. Осылайша жүректің түбінде ұялап қалған әкенің қасиетті сөзі қазір мені қиындықта жасытпай, қуанышта тасытпай сақтап тұрған күш деп білемін.
Сайып келгенде, ар-ұжданмен өмір сүріп, қоғам игілігі үшін еңбек етуге не жетсін. Атап айтқанда, жауапты орындарда иманды азаматтар отырса, билік тұтқасын құдайға қараған адамдар басқарса, «өз қалтасын» «ел қалтасының» есебінен толтырып, күн құрғатпай қақпанға түсіп жатқан жемқорлар, талайлар нәпсісін тыя алмаған парақорлық күрт азая түсер еді деген ойға кетесің.Осы орайда, бұрынғы Жезқазған облысының Жезді ауданын 16 жыл үзбей басқара отырып, ауданын сол кездегі Кеңес одағы көлемінде қатарынан үш бесжылдық жеңімпазы атандырған, зейнеткерлікке шыққан сәтінен өмірінің соңына дейін жасаған дүниесі не дарыны, не арыны асқан адамдар ғана бара алатын тірлік – шағын ғана Жезді кентінде ТМД елдерінде теңдесі жоқ тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайын ұйымдастырған Мәкен Төрегелдин жөнінде шағын бір естелікті айта кетудің реті келіп тұр.
Бұл әңгімені Қарағанды облысына қарасты Ұлытау ауданының әкімі болған, марқұм Баттал Мұқышұлы айтқан еді: «2003 жылдың көктем айында ағамыздың 80 жасқа толуын аудан халқы болып тойлауға дайындалдық. Сәуір айының басында Мәкеңнің үйінде болғанымда, ол «Қазақмыс» корпорациясы басшылары Ким Владимир Сергеевичке және Юн Руслан Борисовичке 80 жылдық тойының шақыру билетін жеткізіп беруді маған тапсырды. Келесі күні, Владимир Ким іс сапарда екен, шақыру билеттерін Руслан Борисовичке табыстадым. Ол кісі маған: «Мәкен аға 80 жасқа келсе жақсы сый жасайық. Корпорация ол кісіге «Джип» автокөлігін немесе Жезқазған қаласынан жақсы коттедж үй берсе, қайсысын қалайды екен, сен соны сұрап біліп бер», дегесін бұл хабарды Мәкеңе айтып едім, ол: «Сен Руслан досыңа сәлем айт, менде автокөлік те, үй де бар. Ашық аспан астында музейдің экспонаттары жатыр, соның төбесін жауып берсін», деп бірақ түйді. Русланға келіп ақсақалдың сәлемін жеткізгенде ол маған қарап: «Баттал, міне біз осындай кісілерден үлгі алуымыз керек. Айтқан шаруасын орындаймыз», деді.
Мінеки, осыдан кейін басшының міндеті – халқына қызмет ету екендігін ерекше түйсінесің. Басшы адал, таза болса, қосшы да құлшына еңбек етеді, табан ақы, маңдай термен алынған табысын үстемелеуге бейіл болады. Яғни, Үкіметтің басты міндеті - халыққа адал әрі мінсіз қызмет көрсету. Президент те мұны жиі ескертіп отыр. Сондықтан да халық өз тағдырын сеніп тапсырған үкіметтің қателесуге хақы жоқ. Ендеше, билікте жүргендер Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың: «Алдымен ел ағалары, сендер қателеспеңдер. Сендер қателессеңдер соңдарыңнан ерген ел қателеседі» деген сөзін естерінде ұдайы ұстағандары жөн болар еді. Сонымен қатар, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген мақалда философиялық мән бар. Өкінішке орай, бұл сөздерді азаматтарымыз, қасиеті бар болса да, өмірінің соңына дейін ұстай алмайды.
Сөз жоқ, адамның мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы өскен ортасына тікелей байланысты. Ешкімде жаман мінезбен, қаскөй көзқараспен келмейді. Сәби кезінде бәрі таза. Хәкім Абай бір сөзінде «Адам баласын заман өсіреді, кімде кім жаман болса, оның замандастарының бәрі кінәлі» деген түйінді пікір білдірген. Ендеше, қоғамда кездесіп жатқан кесірлі, кесапатты істерге бәріміз де кінәліміз. Сондықтан ақыл-ойды өсіретін, білім мен біліктілікті молайтып, жанашырлық пен мейірімділікті, имандылықты тереңдететін істерге бәріміз бір кісідей атсалыссақ, жіберген қателерімізді азайта түсеріміз анық. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бұл жұмыстарбірінші кезекте отбасы тәрбиесін дұрыс жолға қоюдан бастау алғаны жөн. Осы ретте, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруға, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін жоғарлатуға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жыл өткен сайын қарқын алып келе жатқаны көңілге демеу әрі үлкен сенім ұялатады.
Шындап келгенде жаман адам жоқ, тек рухы ауруға шалдыққан (есейе келе жаман қасиеттер жабысқан деген сөз ғой) адамдар бар. Сондықтан да, дін мен ділді, тіл мен мәдениетті қалыптастырып, өркендету, рухани жағынан саналы көзқарас танытып, ақ пен қараны айыру жағына келгенде өз ішімізден ықпалы мол жұмыстарды жүргізе беруіміз керек. Түріктің ойшылы МәуләнаРумидің: «Әділдік дегеніміз не? Гүлге су құю. Жауыздық дегеніміз не? Тікенге су құю» дегеніндей, иманды, тәрбиелі, білімді, ізетті, адамгершілік қасиеттерімол ұрпақ өсіру жолында аянбай тер төге білуіміз қажет. Сондықтан отбасын айтпағанда, балабақшадан бастап мектеп, университет, кітапхана сияқты оқу-тәрбие орындары жас ұрпаққа ұлттық рухани тәрбиені сіңірудің, оған қатысты тәлімдік жұмыстар жүргізудің алтын ұясына айналуы тиіс. Иманды ұл, ибалы қыз тәрбиелеу жолында діни орындардың алар орны ерекше. Бірақ, өкінішке орай, бұл мүмкіндіктер өз деңгейінде пайдаланылмай келеді. Қалай десек те, 70 жыл дінсіз қоғамда өмір сүрген біздер Ислам дініне деген қасаң қағидалар мен қатқыл шаралардың шырмауынан әлі де шыға алмай келеміз.
Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы