Фото: Ult.kz
Алматыда белгілі ІТ маман Мейіржан Әуелханұлының «Жасанды интеллект әліппесі (Қазақша 1000 + промпт) атты кітабының тұсауы кесілді, – деп хабарлайды Ult.kz.
Аталған кітап XXI ғасырдың технологиялық революциясы аясында жасанды интеллекттің дамуын, оның қоғам мен экономикалық салаларға тигізетін әсерін және болашағын жан-жақты талдайды. Сонымен қатар, оқырман жаңа дәуірдің инновациялық шешімдері мен практикалық жаттығулары арқылы ЖИ негіздерін, қолдану жолдарын, сондай-ақ этикалық және қауіпсіздік аспектілерін ескере отырып, заманауи технологияларды тиімді пайдалануды меңгереді.
Фото: Ult.kz
Мың данамен тараған кітап авторының айтуынша, жыл соңына дейін таралымды арттыру жоспарланған.
«Жылдың соңына дейін 25-30 мың дана басып шығарсақ деген ойымыз бар. Негізгі мазмұны, алдыңғы 100 беті жасанды интеллект деген не, жасанды интеллект этикасы, жасанды интеллектпен бірге келген әртүрлі мәселелер қамтылған. Өздеріңіз білесіздер, жасанды интеллектің өмірге келуімен жалған ақпарат та көп тарай бастады. Сол жалғанды қалай ажыратамыз және жасанды интеллектінің болашағы қандай болады, жасанды интеллект туралы заңдар қалай қабылдануы керек деген сияқты ұғымдар алдыңғы жүз бетінде қарастырылады. Кейінгі екі жүз беті жиырма жеті салаға арналған промпттар. Бұл еңбектің шығудағы ең басты мақсаты жалпы қазақ тіліндегі оқырманға жасанды интеллект ұғымын ІТ саласының тілінде емес, ғылым тілінде емес, қарапайым тілде түсіндіру», – дейді Мейіржан Әуелханұлы.
Фото: Ult.kz
Жиында медиаменеджер Нұржан Жалауқызы, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет, кітаптың редакторы Қайнар Олжай, белгілі журналист Серік Абас Шах пен ақын Ұлықбек Есдәулет кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.
Фото: Ult.kz
Ұлықбек Есдәулет, ақын:
Бұл компьютерлік бағдарламаның, технологияның дамып кеткен заманы болды. Жасанды интеллектінің жемісін де көріп жатырмыз, қауіптілігі де айтылып жатыр. Дегенмен жасанды интеллект жазушылық шеберлікке әлі жете қойған жоқ. Бірақ түптің түбінде жетуі де мүмкін. Өйткені жасанды интеллектінің мүмкіндігі шексіз екеніне күн сайын көз жетіп келеді. Қазірдің өзінде ЖИ арқылы хат жазысамыз. Сондықтан келешегінен үлкен үміт күттіріп отырған жігіттерге жеміс тілеймін. Еңбек құтты болсын!
Фото: Ult.kz
Нұржан Жалауқызы, медиаменеджер:
Бүгін шынымен де тарихи оқиға, Қазақстан қоғамы үшін, сандық жүйеде алғашқы қадам. Сондықтан Мейіржан сізді құттықтаймын! Жалпы жасанды интеллект деген өмірімізге етене ене бастады ғой. Алпыстан жаңа асқандар кейде жасанды интеллектіден гөрі, табиғи интеллектіге жүгінеміз. Ал үйдегі кішкентай балалар қазір ешқашан теледидарды қолмен қоспайды, жарықты қолмен өшірмейді. Осы кітапта жазылғандай, бәрін дыбыстық жасанды интеллектімен атқарады. Бұл бүгінгі күннің шынайы шындығы деуге болады. Сондықтан бәріміз осыған дайын болайық. Қадамдарыңыз құтты болсын!
Фото: Ult.kz
Қайнар Олжай, редактор:
Осы кітапты редакциялауды сұраған кезде алдымен шолып шықтым. Қарасам, бір қате жоқ, бүкіл терминдерде, қара сөзде әріптік қате жоқ. Алғашында сүйсініп отырып оқыдым. Бірақ екінші бөліміне келгенде менің еңбегім қажет екенін, маған неге тапсырылғанын түсіндім. Бұл бөлімде жасанды интеллектіге мың тапсырма бар. Қазақ тілді интеллект әлемінде жасанды интеллектінің кеңінен қатесіз болуына, қазақтың синтаксисінің сөйлем құрылуына үлкен пайдасы болады. Осы арқылы жасанды интеллектіні мыңдаған адам қолданса, жасанды интеллект қазақ тілін өзі ғана терең меңгеріп қоймай, пайдаланушысына да қазақ тілі жүйелі болуына мүмкіндік береді. Жасанды интеллект журналистерге өте оңай болды, бірақ жасанды интеллектіге қиын болды. Өйткені қазақта бір сөздің бірнеше мағынасы бар. Ондай кезде жасанды интеллект мағынаны айырмай қалады. Сондықтан жасанды интеллектіні пайдалану керек, бірақ жетік пайдаланған дұрыс.
Айта кетейік, Мейіржан Әуелханұлының «Жасанды интеллект әліппесі (Қазақша 1000 + промпт) атты кітабы 1000 дана таралыммен, «Балауса» баспасында басылып шыққан.