Фото: almatysite.kz
Жасанды интеллект қолданылмайтын сала жоқ. Адамның ақыл-ойын қажет ететін қызметтердің бәрін жасанды интеллект атқарып отыр. Десе де, мамандар оның адамзатқа қауіпті тұстары бар екенін айтады. Себебі осы күні жасанды интеллект арқылы адамдарды бақылау күшейген. Осы орайда Ult.kz «Жасанды интеллект адам өмірін қалай өзгертті?», «Адамзат үшін қаншалықты қауіпті?», «Қандай салаларда кеңінен қолданылады?», «Жасанды интеллект адамнан озып кетуі мүмкін бе?», «Болашақта адамдардың жұмыссыз қалу қаупі бар ма?», «Қазақстанда жасанды интеллект саласы қалай дамып жатыр?» деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
Өмірді жеңілдетті
БҒМ ҒК «Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» РМК бас директорының орынбасары Өркен Мамырбаев жасанды интеллект деп адамның санасы сияқты әртүрлі функционалды функцияларды басқара алатын күрделі механизмді атады.
«Қазір ғылым саласы ретінде жасанды интеллекті шешетін күрделі есептер бар. Соларды шешу процесінде, мысалы, жер қойнауын зерттеу, ғарышты игеру секілді салаларды автоматтандыруға тура келді. Адам баласының қолы жетпейтін жерлерді, жүйелерді автоматтандырып, интеллектуалды жүйелерді енгізе отыра, жасанды интеллектінің пайда болуына әкеп соқтырды. Соның бірі – қарапайым ChatGPT, мысалы сіз сұрақ қоясыз – ол энциклопедия сияқты мәтінді құрап, талдау жасап, түсіндіріп береді. Сол сияқты әртүрлі, күрделі жасанды интеллекті бар, өндірісте, ғарыш саласында қолданылады. Осындай жасанды интеллектілер автоматтандырылған процесте немесе технологиямен қатар дамып отырды. Сондықтан ғылым, технологияның даму барысында жасанды интеллект те барынша дамып, жетіліп келе жатыр.
Жасанды интеллект өмірімізді барған сайын жеңілдетеді. Киім-кешек, тауар сатып алу процесінде ЖИ көмегімен кез келген тауарды тауып, сатып аласыз. Күнделікті машина сату, үй сатып алу процесінде жасанды интеллект белгілі бір сомасына, параметріне байланысты сұраныстарыңызды саралап, қалауыңызды алдыңызға әкеле қояды. Соның ішінде талдау жасап бере алады. Қарапайым реферат жазуда сіз ChatGPT -ді қолдана аласыз. ЖИ кен өндірісінде қолданылады, адам түсе алмайтын тереңдікті роботтардың саналы түрде жұмыс істеп, белгілі бір минералдарды өндіріп беруі немесе химия процесінде әртүрлі химиялық реакцияларды қадағалауы мүмкін, немесе ядро өнеркәсібінде, өзіңіз білесіз, синтез жүріп жатады, үлкен температурада жұмыс атқарылуы керек болады, яғни мұнда да ЖИ көмегіне зәруміз. Яғни адамның атқаруы қиын жұмыстың көпшілігін жасанды интеллект басқарып, өмірді барынша жеңілдетіп келе жатыр. Жеңілдеткен сайын даму, күрделі есептерді шешуге жол ашылады. Ғылыми техникамыздың қарыштап дамуына, жұмысымыздың жеңілдеуіне ЖИ осындай үлкен мүмкіндіктер беріп, ықпал етеді», – дейді Өркен Мамырбаев.
IT ғалымының айтуынша, болашақта адам қызметін толығымен роботтар атқарады деп айту қиын. Кей салада роботтар, қарапайым тілде айтсақ, мысалы, медицина саласында эксперттік жасанды интеллектілер бар. Мәселен, УДЗ, Томография сияқты аппараттар әртүрлі суреттерді алады, жасанды интеллект талдау жасап көрсетеді. «Мына жерлерде мынадай ауру бар, оған мынадай дәрі қолдансаңыз болады» деп анықтап береді.
«Бірақ сіз жасанды интеллектінің жазып берген дәрісін алып қолдана салмайсыз, одан басқа да патологиялар болуы мүмкін, басқа аурудың түрлері туындауы ықтимал, оның ұсынған дәрісі басқа аурудың асқынуына әкелсе ше? Сондықтан ЖИ қанша дамып жатса да, адам – негізгі эксперт. Әзірге әлемді толық роботтар басқарып, жұмыссыздық туындайды деу мүмкін емес. Ол роботтар күрделі есептерді шешуге ғана мүмкіндік береді. Мысалы, терең шахталарда, кен орындары мен ғарышта әртүрлі зерттеулер жүргізгенде қолданылуы мүмкін. Автомобильді жүргізуде, мысалы, сіз машина айдай алмасаңыз, робот автоматты түрде көлікті жүргізіп береді. Кейбір роботтар сізге арнайы чат құрып, ұсынады, арнайы шешімді бәрібір өзіңіз қабылдайсыз. Сондықтан адамзат жұмыссыз қалуы мүмкін деген ақпарат – қазір қауіп төндіріп тұрған ақпарат емес», – дейді Өркен Жұмажанұлы.
Білікті, білімді адам роботты басқарады
Маманның айтуынша, әрқашан білікті, білімді адам роботты басқарады. Өркениетке ілесе алмасақ, жаңа технологияларды меңгермесек, қолданбасақ, артта қаларымыз анық. Яғни жаңа технологияларды өзіміз жасауымыз керек.
«Өйткені жасанды интеллект, өзіміздің интеллектуалды жүйеміз болмаса, онда шетелдің жасанды интеллектісін қолдануымызға тура келеді. Соған ақы төлеп, басқа біреуге тәуелді боламыз. Сондықтан жасанды интеллект технологияларын өзіміздің өркениетте, елімізде қолдану керек. Яғни өзіміздің пайдамызға қарай дамытуымыз қажет. Егер біз ол жүйені дамытпасақ, онда артта қалып қоямыз және оны қуып жете алмаймыз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, ChatGPT қазір қазақ тілінде де жауап бере алады, ойды жазып түсіреді. Оны шетелдік компаниялар әзірледі, ал біз тұтынушы ретінде қолданып отырмыз. Енді оның ақылы түрі пайда болады.
Әрине, жасанды интеллект бізбен қатар дамиды. Бірақ оны дамытып, үйретіп отыратын адам баласы, әртүрлі ақпараттарды үйретіп, оның қатесін түзеп отырады. Оның қатесін түзей-түзей, оның дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Бірақ әрқашан оның шешімін дұрыс-бұрыс екенін көрсетіп отыратын адамзат баласы», – дейді Өркен Мамырбаев.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту үшін өзімізге керек ақпараттарды электронды жүйеге енгізу керек. Мысалы, Америка осыған дейінгі өзінің есептерін электронды түрде бір жүйеге сақтап отырды. Осы мәліметтері өсіп, миллиондаған ақпарат пайда болған кезде әлгі ақпаратты суырып алу арқылы жасанды интеллектіні үйреткен. Ал содан ақпаратқа талдау жасау арқылы интеллект дамып отырды.
«Біз де бүкіл жүйені, ақпаратты электронды нұсқада сақтап, оларды жүйелі құрып отырсақ, жасанды интеллектінің өзін жасауға мүмкіндік барын, осы саланы дамыта беретінімізді түсінеміз. Арнайы серверлерімізге суперкомпьютерлер орталығын ашып, сол орталықтарда деректер сақтауымыз қажет. Ол деректерді арнайы талдау жүйелерін анықтап және оған жасанды интеллектіні орнатып, деректерді басқарып, керекті сұрақтарға жауап беретіндей жүйе құру маңызды. Ал қандай мәселелерге назар аударуымыз қажет дегенде, ең бірінші, стандарттарды анықтау, білікті мамандар дайындау, керек құжаттармен, бағдарламалармен, техникамен қамтамасыз етуді ойластырған жөн. Арнайы институттарды дамытып, Үкімет пен нарықтағы компаниялармен байланыстыруымыз да қажет», – дейді Өркен Жұмажанұлы.