03 қыр, 2020 сағат 22:25

Жарты жыл карантин босқа кетті: Аргентинаның коронавирусқа шамасы келмей жатыр

Бес ай бойы қатаң карантинде отырса да, Аргентинадағы коронавирус жағдайы нашарлай түсті, деп хабарлайды Bloomberg агенттігі.

Коронавирусқа тест тапсырған ел тұрғындарының шамамен 47% оң нәтиже көрсетті. 

Аргентина Чилиді басып озып, инфекция жұқтырғандар саны бойынша әлемде 10-орында тұр. Елде коронавирус инфекциясының 417 735 жағдайы тіркеліп, вирустың салдарынан 8 730 адам қайтыс болды.

Тек соңғы аптада расталған жағдайлардың саны инфекция жағдайларының саны бойынша алғашқы жиырмалыққа кіретін елдерге қарағанда 9,9%-ға өскен. Мысалы, Үндістанда өсім 9%-ға жеткен. 

Бастапқыда вирус Буэнос-Айрес пен оған жақын аудандарда тіркелген еді. Алайда жақында бұрын жұқтыру жағдайлары тіркелмеген немесе өте аз болған шағын, кедей провинцияларға тарады.

Кейбір аудандарда, мысалы, Боливиямен шекаралас жатқан Жужуй провинциясында коронавирус пен оны жұқтыру жағдайларының өршуіне байланысты денсаулық сақтау жүйесі бар күшін салып жұмыс істеуде. 

Жақында Аргентина президенті Альберто Фернандес карантинді 20 қыркүйекке дейін ұзартты, яғни карантин елде алты айға созылып отыр. Бұл өз кезегінде Аргентина экономикасына теріс әсер етеді. Жұмыссыздық деңгейінің өзі 10%-дан асты.

Айта кету керек, әлем халқының 8%-ын құрайтын Латын Америкасы мен Кариб теңізі аймағындағы елдерде өлім мен коронавирус инфекциясының жалпы санының 30%-ы тіркелген. Өңірде COVID-19 жұқтырудың 19 миллион жағдайы тіркеліп, вирустан 276 мың адам қайтыс болған. 

Бүгінгі таңда Бразилия коронавирус инфекциясын жұқтыру және өлім саны бойынша көшбасшы болып қала береді – мұнда 4 миллионға жуық жұқтыру жағдайы тіркеліп, 121 мыңнан астам адам қайтыс болған.