Фото: Мәди Салық, zhaikpress.kz
Кеңестік дәуірмен салыстырғанда еліміздегі қазіргі кітап оқу үрдісі кенжелеп тұрғаны рас. Бірақ соңғы жылдары баспа бизнесіне аздап «жан біткелі» қалың көпшіліктің де кітапқұмарлығы арта бастады. Десе де бұл бағыттағы әлеуетімізді әлем елдерімен қатар қойсақ, қазақстандықтардың кітап оқу көрсеткіші әлдеқайда төмен, деп хабарлайды Ult.kz.Жалпы, өркениетті елдердегі стратегиялық басымдықтар қатарында адами капиталды дамыту мәселелері ойып тұрып орын алған. Соның ішінде кітап оқу мәдениетін ілгерілетуге үлкен күш жұмсалады. Мәселен осы бағытта тиімді саясат жүргізгенінің арқасында былтыр АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Италия ең көп кітап оқитын мемлекеттер қатарынан табылды.
Ал өзіміз орналасқан Азияда қытайлықтар жылына – 154, жапондар – 135, корейлер 125 сағатын кітап оқуға арнайды екен. Қазақстанның бұл көрсеткіші әупіріммен әйтеуір 65 сағатты әрең толтырып отыр.
PIRLS-2021 халықаралық зерттеуінің қорытындысы қазақстандық оқушылардың оқу сауаттылығын орташа деңгей деп көрсеткен. Десе де мұны 2016 жылмен салыстырар болсақ, небәрі бес жылда 32 балл төмен кетіппіз. Мұның себебін былтырдан бері Мәжіліс мінберінде кітапхана мәселесін көтеріп келе жатқан депутат Нұрсұлтан Байтілесовтен сұрап көрдік. Оның айтуынша, жұртты қызықтырарлық іс-шаралардың аз ұйымдастырылуы және цифрлық дәуірдің де ықпалы басты себеп болып отырған көрінеді.
«Қысқаша форматтағы контентке үйренген көпшілік интернетте орта есеппен небәрі 55 секунд қана оқуға уақыт бөледі. Бұл терең ойлау мен білімді дамытуға жеткіліксіз. Сонымен қатар еліміздегі кітапханалардың жай-күйі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Материалдық-техникалық база мен кітап қорлары жаңартуды қажет етеді, ал заманауи форматтағы кітапханалар – санаулы. Көп жерде оқырмандар үшін жайлы орта, коворкинг аймақтары мен цифрлық қызметтер жеткіліксіз. Өткен жылы жолданған депутаттық сауалымда осы саланың жұмысын үйлестіруге, дамытуға жауапты орталық органның құрылымдық функцияларын қайта қарауды ұсынған едім, бірақ бүгінгі таңда тиісті өзгерістер байқалмай отыр», – дейді Мәжіліс депутаты.
Оның айтуынша, бірқатар дамыған елдерде, айталық, Түркия мен Финляндияда «Халықтық кітапханалар» желісін жаңғыртып, тәулік бойы жұмыс істейтін, оқу, пікірталас, шығармашылық үшін заманауи кеңістіктер ұсынатын орталықтар құрылған екен. Бұлар тек кітап алу орнына емес, мәдени іс-шаралар, көрмелер мен шеберлік сабақтары өтетін интеллектуалды хаб қызметін де атқарады.
«Одан бөлек, Жапонияда мектеп бағдарламасына «Таңғы оқу» дәстүрін енгізген. Әр күннің басында 15-20 минут бойы бүкіл мектеп ұжымымен бірге кітап оқу міндетті. Бұл оқушылардың концентрациясын арттырып, оқу дағдысын нығайтуға ықпал етеді. Халықаралық деңгейде танымал тәжірибелер қатарында мектеп пен кітапханаларда аптасына бірнеше рет 20-30 минуттық ұжымдық үнсіз оқу дағдысы жақсы жолға қойылған», – деген Н.Байтілесов Қазақстанда да ұқсас форматтағы сабақтар мен дәстүрлерді енгізу қажеттігін алға тартты.
Аталған мәселелерді ескере отырып, депутат елімізде кітапқа қызығушылық мәдениетін дамыту мақсатында көптеген іс-шара қолға алыну керектігін атап өтті.
«Біріншіден, барлық оқу орындарында ғылыми негізделген оқу әдістерін енгізіп, кітап оқуды күнделікті дәстүрге айналдыруымыз керек. Екіншіден, кітапханалар желісін жаңғыртып, заманауи инфрақұрылым қалыптастырып, тұрақты түрде «Кітап апталығы», «Бір адам – бір кітап» сияқты жобаларды өткізу арқылы елдің назарын кітап оқуға аударған абзал. Үшіншіден, жергілікті деңгейде тұрғындар арасында оқу сайыстарын, әдеби байқаулар ұйымдастырып, оқушылар мен ересектердің қызығушылығын арттыруды жолға қою қажет», – дейді Мәжіліс депутаты Н.Байтілесов.
Жалпы елімізде 2007 жылдан бері «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп келеді. Бұл жоба сол жылы Ұлы Абайдың қарасөздерін оқумен басталған. Жыл сайын қолға алынып, барынша кең ауқымда өткізіліп жүрген акция аясында осы күнге дейін қазақ әдебиетінің ең таңдаулы деген 51 ақын-жазушысының үздік шығармалары оқырман қауымға ұсынылып, насихатталды.
Былтыр кітапсүйер қауым көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқыды.
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың мәліметіне сүйене отырып, акцияның былтырғы қорытындысына көз жүгіртсек, еліміздегі облыстық, аудандық, қалалық және ауылдық кітапханалар көрнекті жазушы Б.Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау үшін түрлі инновациялық форматта 10021 мәдени-рухани іс-шара ұйымдастырып, оған 234 922 аудитория қатысқан екен.
Ал биыл ел болып оқитын кітаптар да көпшілікке жыл басында-ақ белгілі болып қойған. Топ қаламгердің ішінен комиссия мүшелері қазақ әдебиетінің поэзия және проза жанрынан екі авторды оқу туралы бір тоқтамға келді. Проза жанры бойынша көпшілік дауыспен ұлтымыздың көрнекті жазушысы, ақын, сыншы, аудармашы, суреткер Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын оқу ұсынылса, поэзия бойынша мемлекеттік сыйлықтың иегері, көрнекті ақын, биыл 90 жылдық мерейтойы аталып өтетін Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары таңдалды.
Десек те кітап оқу бөлек, ал сол кітапты өндіру, оның авторларына жағдай жасау, кітапханалардың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, оқырманға қолайлы жағдай туғызу ісі де өз алдына үлкен шаруа.
Сондықтан да болар, бұл мәселе Ұлттық құрылтайдың мінберіндегі баяндамаларда айтылып, Президент деңгейінде талқылана бастады. Ұлттық құрылтайдың өткен жылғы Атыраудағы үшінші отырысында бұл мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша тоқталған.
Мемлекет басшысының қатысуымен Көкше төріндегі Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мәжіліс депутаты, құрылтай мүшесі Жұлдыз Сүлейменова бізге кітапхана мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты. Депутаттың сөзінен ұққанымыз, кітап оқуды насихаттаумен қатар кітапханашылардың әлеуметтік жағдайын да заңмен реттеп, жағдайын жасаған жөн.
«Биыл кітап оқу күні аталып өтетіні белгілі болды. Сонымен қатар кітап авторларына, баспагерлерге грантты заңмен белгілеу мәселесі шешіліп жатыр. Бұл да Ұлттық құрылтайда көтеріліп, қабылданған оң шешімдердің бірі. Бірақ бұл мәселені тұтас, кешенді түрде дамыу үшін бізге мемлекеттік бағдарлама керек. Бұл жерде кадр даярлау ісіне жаңаша көзқараспен қарауымыз қажет. Бүгінгі таңда бізде кітапханашылар Қыздар ұлттық педагогикалық университетінде оқытылып, олар ескірген бағдарламамен білім алып жатыр. Сондықтан осы мемлекеттік бағдарламаның аясында мектепте жұмыс істейтін кітапханашыларды педагог кітапханашылар, қоғамдық кітапханаларда еңбек ететіндерді мәдениет саласының қызметкерлері, сонымен қатар университеттерде, ғылыми зерттеу институттарында, сирек кездесетін кітап қорларында кітап деректерімен жұмыс істейтін кітапханашыларды ғылыми қызметкер деп жіктеуді ұсынып отырмыз», – деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Сананы тұрмыс билеген тоқырау тұсында кенжелеп қалған кітап оқу кейінгі кездері қайта жандана бастады. Әсіресе студент жастар, оқушылар кітапты қолына қайта алды. Десек те смартфон, ондағы ғаламтор әлемі мен әлеуметтік желілер аш бөрідей етектен тартқылап, кітап оқу үдерісіне барынша кедергісін келтіріп жатыр. Қайткен күнде де жастарды кітап оқуға қызықтыру ісін бәсеңсітпеу керек.