Жапония барынша коронавирус инфекциясының таралуын болдырмауға тырысып жатқанымен, індеттің үй ішінде таралуын тоқтату үлкен мәселеге айналды, деп хабарлайды Kyodo News агенттігі.
COVID-19-бен ауырған науқастардың көбіне үйден емделуге кеңес беріп жатыр, себебі елдің көп бөлігіндегі ауруханаларда орын жетіспейді. Дегенмен, медицина сарапшылары үй жағдайында оқшаулану қауіпті және алдын алу шараларын орындағанның өзінде үйдегі басқа адамдардың жұқтырмауы екіталай деп отыр.
Саппорода 4-17 қаңтар аралығында коронавирусқа тапсырған талдауы оң нәтиже көрсеткен адамдардың 30 пайызы отбасы мүшелерінен жұқтырған.
Токиода сол аралықтағы көрсеткіш 50 пайызға жеткен.
Денсаулық сақтау министрлігінің 20 қаңтар күнгі мәліметі бойынша, COVID-19 жұқтырған 35 394 науқас үйде ем алып жатыр.