13 қаң, 2021 сағат 14:33

Жапонияда төтенше жағдай режимі ел тұрғындарының жартысынан көбін қамтыды

Жапония үкіметі коронавирустың таралуына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілген аймақты кеңейтіп, оған елдің түрлі аудандарындағы тағы жеті префектураны қосты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы сәрсенбіде инфекцияның таралуына қарсы күрес жөніндегі үкіметтік штабтың отырысында Жапонияның премьер-министрі Ёсихидэ Суга мәлімдеді. 

Енді «қауіпті аймақ» тізіміне елдің батысындағы Осака, Хёго, Киото, орталықтағы Гифу және Айти, оңтүстік-батыстағы Фукуока, сондай-ақ батыс аймақтағы Тотиги префектуралары кірді. Бұл жерлерде шектеу 7 ақпанға дейін енгізілген. 

«Біз елдің бірқатар аудандарында коронавирус жұқтыру санының көптігіне байланысты қатты алаңдап отырмыз. Осыған орай, сондай-ақ сарапшылармен кеңес жүргізу қорытындылары бойынша ТЖ режимінің аймағын кеңейту шешімі қабылданды», - деді Суга NHK телеарнасы трансляциялаған отырыс кезінде. 

Жапонияда 47 префектураның 12-сінде ТЖ режимі енгізілген, оған Үлкен Токионың аумағы да кіріп отыр. Осы аймақтарда шамамен 73 млн адам тұрып жатыр, бұл ел тұрғындарының жартысынан астамын құрайды.