Өмір қиыншылығын жеңуге табандылығы мен тағдыр сыйындай сәттіліктер себеп болғанын әсерлі әңгімелейтін «Жаным садаға» ғұмырбаян кітабы аты аңызға айналған генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевтың қаламынан туған. ҚазҰУ-дің заң факультетінің соңғы курсында оқып жүрген студенттің барлаушы болсам деген бала арманы Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіне өзі сұранып баруына себеп болады. Минск МҚК жоғарғы курсын бітіріп келген лейтенант шеніндегі қылшылдаған жас жігіт шақыртылған жұмысына келген алғашқы күні шетелге шыққан туристердің кеңес идеологиясына жат әрекеттеріне тосқауыл бола алмаған қарт барлаушыны жұмыстан шығарып жатқан жайсыз оқиғаның үстіне дөп келеді. Сонда: «Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде адал қызмет атқарып, толық 25 жылымды капитан болып бітірсем екен!» деп тәңірге жалбарынатын жас маман тағдыр жолы өзін қызмет сатысымен биік мансаптарға жеткізіп қана қоймай, болашақта егемендігін алатын жас мемлекеттің іргесі қаланатын жауапты кезеңде үлкен саясаттың қызған ортасында жүріп, бір ұлттың атынан тарихи шешімдер қабылдайтынын дәл сол кезде білмеген еді.
Он жеті бөлімнен тұратын ғұмырбаяндық кітаптың алғашқы беттері генералдың шыққан тегі, туған отбасы жайынан сыр шертеді. Ұжымдастыру зобалаңының қанды шеңгелінен бір түнде сытыла қашқан текті әулет бұлыңғыр болашақтан дәметіп, кәмпеске әуресінен бас сауғалап кете барады. Өмір сүруге зор құлшыныс пен ақ адал еңбек қана Тоқпақбай әулетін аман алып қалғандай. Әкесі Бесімбайдың қара жұмыстан қорықпайтын қажырлылығының арқасында талай қиындықты артқа тастаған бұл отбасы Алматы облысының КазЦик ауылына келіп қоныстанады. Ауыл шетінен құрылысы бітпеген үйді алып, жөндеп жатқан әкесіне көмектесіп жүрген бала Сәт: «Әке, буыны қатпаған балаңызды жұмысқа сала бересіз, аямайсыз ба?» - дейтіні осы кез. Әкесі жалғыз ұлының бұл сөзін қызық көріп, көпке дейін жұртты күлдіртіп айтып жүреді екен. Сәт Бесімбайұлы кейін лауазымды қызметтер атқарған кезінде де ойындағысын бүкпесіз айтатын қасиетімен кез-келген қиындықтың күрмеуін шешуге батыл қадам жасаудан тайсақтаған емес. Кеңес Одағы құрамында болғанда Мәскеуден тағайындалып келіп, тез ауысып кетіп жататын төрағалардың ұшқары шешімдеріне, «Желтоқсан оқиғасы» кезіндегі қазақтарға тағылған негізсіз айыптауларға, егемендік алған алғашқы жылдарда шетелдермен арада туындап қалатын келеңсіздіктерге ақылмен тойтарыс бере білген әрекеттерінен осы бір аңыз тұлғаның қайсарлығы мен табандылығын, парасаты мен әділетшілдігін байқап, тәнті боламыз. Оның бұл қасиеттері о баста әкеден дарығанын ғұмырбаянды оқып отырып жақсы түсінеміз, себебі, өміріне сабақ болған әке ұлағаты кітапта көбірек алға тартылған.
Бесімбай қария қара қылды қақ жаратын турашылдығы мен қолындағысын жоқ-жітікке бөліп беретін жомарттығы бойына жарасқан қазақы қоңыр мінезді кісі болған екен.
Жас кезінде оқудағы қиындықтарды, әсіресе МҚК оқуындағы ерекшеліктерді, қауіпсіздік-қорғану әдістерін қайта-қайта айта бергенін жақтыртпаған әкесі:
– Әй, Сәт, қайдан шыққан пәлесің өзің, не деп басты ауыртып жүрсің? Құдай өзі берген жанды өзі алады. Сенің бабаң батыр, ержүрек болған, - деп, түн ішінде ауылын шапқан жауға жалғыз шоқпармен қарсы шығып, тізе бүктірген бабасын үлгі етіпті.
1969 жылы дүниеден өтерінде, төсегінің жанында көңілі босап, кемсеңдеп отырған баласынан: «Әй, Сәт, осы миллион деген сан бар емес пе?» - деп сұрайды. «Иә, бар, ата!». «Миллионнан кейін миллиард деген сан бар ма?». «Иә, ата!». «Одан кейін ше?». «Одан кейін триллион». «Одан кейін қандай сан?». «Білмеймін...». Осындай сұрақтармен бір тықсыртып алған соң, дана қарт жалғызына уәжді, уытты сөздерін арнапты:
«Одан кейін де сан бар. Осы жер, дүние жаралғалы адамзат та жаралды емес пе?! Сонша көп халық, барлығы кетті о дүниеге. Ал енді о дүниеде өмір бар екенін білесің. Өліден тірінің бір саны артық. Егер о дүние жаман болса, сол адамның ең болмаса біреуі қайтып келмес пе еді? Сен менің жалғыз ұлым маған сол өмірді қимай, сораңды ағызып, жылап отырғаның мынау!» - депті. Ажал аузында жатқан әкенің артында қалып бара жатқан жалғызының көңілін демдеген осы бір соңғы сөзінің ғибраты мол.
Бала үшін ананың орны тым бөлек. Жарық дүние сыйлаған анасын «өте қағылез, еті тірі, көрікті адам болатын» деп суреттейді, немерелерін арқасынан түсірмейтін мейірімін, өзіне тән аңқаулығын перзентке тән терең сүйіспеншілікпен еске алады. Сәт Бесімбайұлының жастық шағы қиыншылыққа, тұрмыс ауыртпашылығына толы. Сөйтсе де, кітапта бірге оқыған жора-жолдастарының, тар жерде қол ұшын созған ағайын-туғанның аты-жөндері көп аталады. МКҚ Мәскеу жоғары оқу орнын бітіріп келіп, жұмысқа кіріскенде, өзін қағаз ісінің шебері етіп шығарған, барлаушылық тәсілдерді үйреткен білікті де білімді қызметтестерін ілтипатпен еске алады.
Естеліктердің ой салар тұстары мол. Республика Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып отырған кезінде академик Манаш Қозыбаев бастаған ғалымдардың 60 жыл бойы жабулы болған ҰҚК мұрағатына кіруіне жол ашып, өзі де репрессия ақиқатының астарын ашу үшін атсалысқан еңбегі Сәт Бесімбайұлының онысыз да тау тұлғасын биіктете түседі. Лауазымын пайдаланып, ел байлығын ысырап еткен А.Г.Браун деген әкімнің тезге салуға көнгісі келмеген тәкаппарлығын, өзін тексерген МҚК қызметкерінің артына шам алып түскен кекшілдігін әңгімелеген жерінде, «су ішкен құдығына түкірген» талайлардың әрекетіне «әттеген-ай» демеске амалың жоқ.
Кітаптағы Президент Күзеті мен Ұлттық Гвардияны құру және кемелдендіру кезіндегі қызығы мен қиындығы мол оқиғалар әңгімеленетін бөлімдерді егемендік тарихының бір бөлшегі деуге болады.
Айтуынша, азан шақырып қойған есімінің «Сәт» аталуы да жайдан-жай емес.
1920 жылдарда Сәт деген болыс ел басқарыпты. Әлгі кісінің түске дейін қорасына мал толады да, түстен кейін жалғыз атынан басқа ешқандай малы қалмайды екен. Себебі, қолындағы барын жоқ-жітікке таратып беретін жомарт, ел арасындағы дауды әділетті шешетін би кісі болыпты. Сол бір ел алғысын арқалаған азаматтың есімін алған Сәт Бесімбайұлының ғұмырбаян кітабын оқып отырып, өмірінің өзі ойламаған жерден оң бағытқа ойыса беретінін, қандай да бір тығырыққа тірелген кездерде не нәрсенің де дұрыс шешімі табылып жүре беретінін байқаймыз. Алға ентелеген арнасы асау өзендей өмір жолында өзін биік белестерге көтерген ақыл-парасаты мен қажыр-қайратына сәттіліктің де сөзсіз серік болғаны ғұмырбаян кітабынан тайға таңба басқандай көрініп тұр. Өзі ойламаған жерден Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары болады. Зейнетке енді шығамын-ау дегенде, күтпеген жерден Қорғаныс министрі болып тағайындалады. Парламент депутаты болып сайланып, сертіне адал халық қалаулысы да болды.
Ұлт қайраткері мол тәжірибесі мен іскерлігін туған халқының игілігіне жұмсауына мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлына ерекше құрметін білдіреді. «Егер өмір жолы Елбасымен кездестірмегенде, мүлдем бөлек өтер ме еді?» - дейді ол.
Отан алдындағы парызды сезіну – адам бойындағы қасиеттің үлкені болса, бұл кітап – патриоттық сезімді тәрбиелеуде таптырмайтын құрал дер едім.
Анар Қабылқақ, әдебиеттанушы.