Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері мен оқытушылары, сондай-ақ еордалық тыңдармандар шығармашылығы әлемге әйгілі, танымал әнші Димаш Құдайбергенді Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан күтіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нью-Йорктің Barclays Center үлкен әлемдік сахнасында қазақ әндері шырқалды. Әлемнің 60 елінен тыңдармандар келді. Біздің қазақтың жалауын ұстап тұрғанынан олардың біздің елге деген құрметін байқауға болады. Бұл - біз үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен мәртебе. Елге деген құрмет - бірінші кезекте, қазақ жеріне, мәдениеті мен өнеріне деген құрмет. Димаштың әндерін сүйіп тыңдайтын баршаңызға алғысымды айтамын, сондай-ақ қолдау көрсеткен еліміздің басшылығына шексіз ризамыз», - деген ақжарма тілегін білдірді Димаш Құдайбергеннің әкесі әрі продюсері Қанат Айтбаев.
Әуежайға ҚазҰӨУ студенттері ғана емес, фанклубтар мен қарапайым тұрғындар да келген. Тіпті халықтың сүйіктісі, талантты әншіні қолдау үшін елордаға арнайы келген қонақтар да бар. Олар әншіні зор қошеметпен, гүл шоғымен және сыйлықтарымен қарсы алды. Күтіп алушылар әншінің суреті мен қолтаңбасы бар футболкалар киіп, арнайы плакаттар дайындаған екен.
Еске сала кетейік, ҚР Тәуелсіздік күніне орай Димаш Құдайбергенге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Айта кетейік, әлемге танымал қазақ орындаушысы Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі концерті үлкен аншлагпен өткен болатын. Әлемдік сахнада ол халық әндерін шырқады. Ал оны тыңдауға АҚШ, Австралия, Мексика, Ресей, Чили, Болгария, Филиппин, Испания, Канада, Қазақстан, Жапония сияқты 60 елден тыңдармандар келді.