14 жел, 2022 сағат 15:06

Жаңбыршин: Үкіметтегі Ақшолақов пен Қарашөкеев отставкаға кетуі керек

сурет: inform.kz

Үкімет жұмысына көңіліңіз тола ма? Қазіргі кабминнің жұмысына қандай баға бересіз? Бұл сұраққа Мәжіліс кулуарында депутат Еділ Жаңбыршин жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.

Жаңбыршин бұл ретте мәселе кейбір сала министрлеріне байланысты болып тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, министрлер өз саласында үлкен қателік жіберсе, отставкаға кетуі керек.

«Мысалы, Энергетика министрі. Қыстың көзі қырауда бір қала емес, бірнеше қалада үйлердің қатып қалуы – үлкен катастрофа. Оны президент де айтты. Сондықтан, жылыту мерзімі аяқталғаннан кейін бастап келесі жылыту мерзімі басталғанға дейін ол нысандар дайындықтан өтуі керек. Схемасы сондай. Сонда біздің Энергетика министрлігі сол мәселені қадағалауына алмаған ба? Сол мәселелерді бақыламаған ба? Тіпті сол Екібастұзға да барған жоқ. Сондықтан оған қатысты көп сұрақ бар», - дейді ол.

Еділ Жаңбыршин екіншіден Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев отсткавкаға кетуі керек деп есептейтінін айтты. Депутат Тоқаевтың Қарашөкеевке бірнеше тапсырма бергенін, ветеринария саласын, азық-түлік, шөп мәселесін реттеуді тапсырғанына қарамастан, министрдің сол жұмысты еңсере алмағанын айтады. Ал журналистердің «премьер-министрдің өзіне қатысты не айтар едіңіз?» деген сұраққа ол былайша жауап берді.

«Премьер үшін мен жауап бере алмаймын. Оны өздері шешеді. Бірақ жалпы кеше президент айтқан сөздерінде «біздің Үкімет жоспарлаған көп индикаторына жете алмағанын» ашық айтты. Яғни Үкіметке де сұрақ бар», - деді Жаңбыршин.