Халықаралық бокс федерациясы (IBF) барлық салмақ дәрежесінің жаңартылған рейтингін жариялады, деп хабарлайды Sports.kz порталы.
Назарларыңызға Қазақстан боксшыларының қай орында екенін ұсынамыз:
Екінші орта санаттағы Айдос Ербосынұлы жетіншіден алтыншы орынға көтерілді. Бұл салмақта IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы – америкалық Калеб Плант. Алғашқы екі қатар вакантты, ал үшінші орында тағы бір АҚШ өкілі Калеб Труа тұр.
Әлем чемпионы атағы Геннадий Головкинге тиесілі орта салмақта Мейірім Нұрсұлтанов оныншы орыннан тоғызға көтерілді, Жәнібек Әлімханұлы 11-қатарда болса, Қанат Ислам 14-орынды сақтап қалды. Рейтингтің алғашқы екі орны вакантты, ал үшінші орын, яғни жоғары үміткерлік позицияда неміс Патрик Войцицки тұр.
Жартылай орта дивизионда Данияр Елеусінов бұрынғыша тоғызыншы қатарда. Кіші Эролл Спенс әлем чемпионы болып қалды, ал бірінші орында Өзбекстан өкілі Кудратилло Абдукахоров тұр, одан кейінгі орындарға америкалық Шон Портер мен ресейлік Сергей Липинец жайғасқан.
Бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін Батыр Жүкембаев бір сатыға төмендеп, сегізінші орынға сырғыды. Әлем чемпионы атағы британдық Джош Тэйлорға тиесілі, алғашқы екі орын бос, ал үшінші орында -аустралиялық боксшы Лиам Паро.