Қазақстан алғаш рет «Еurovision-2017» ән додасына қатысуы мүмкін, деп хабарлайды Today.kz австралиялық ESCDaily музыкалық конкурсының ресми сайтына сілтеме жасап.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлемде байқауға қатысты көптеген сыбыс таралып кеткен. Сол себепті шындыққа жанасады деген төрт болжамды атап көрсетуге шешім қабылданған екен. Шындық рейтингісінің екінші орнына қазақстандық әртістердің алғаш рет «Еurovision-2017» додасына қатысу мүмкіндігі туралы хабар орналасқан.
«2016 жылдың 1 қаңтарында Қазақстандағы ұлттық хабар таратушы компаниялардың бірі ЕВС-дің мүшесі болу құқығын алды. Мұндай мәртебеге, мысалы, австралиялық SBS TV телеарнасы ие болып отыр. «Хабар» агенттігі аталған байқауда ел намысын қорғай алатын әртістерді бірнеше жыл бойы іздестірген болатын. Ал қазақстандық БАҚ пен әншілердің тыңдармандары музыкалық байқауға қатысуға негізгі үміткерлер ретінде Жанар Дұғалова, Димаш Құдайберген және «А`Студио» тобы қарастырылып отыр деген сыбыс таратты. Алайда, ЕВС мен байқау басшылары ақпаратты растамаған. Бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр», - делінген мәлімдемеде.
Шындыққа жақын деген қауесеттердің арасында әнші Елена Папаризудың Грекияға оралатыны, сондай-ақ, O’G3NE Нидерландының атынан, ал даниялық Эммили де Форест Ұлыбританияның атынан өнер көрсететіні аталып өткен.
Естеріңізге сала кетейік, 9 қыркүйекте Украинаның Ұлттық телеарнасының басшысы Зураб Аласания «Еurovision-2017» халықаралық ән байқауы Киевтің халықаралық көрме орталығында өтетінін хабарлады. Дәстүр бойынша, «Еurovision» мамыр айының орта тұсында өтеді – нақты күні конкурс өткізілерден бірнеше ай бұрын жарияланады.