26 там, 2020 сағат 11:17

Жаңа тұрпатты журналист дайындауға көшу керек - ғалым

Жаңа тұрпатты журналист дайындауға көшу керек. Бұл туралы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір коммуникация қарыштап дамып жатыр. Әлеуметтік желі, блогосфера, видеоарналар, веб-радиолар, мультимедиалық гаджеттер, подкастар және басқалары – журналистиканың жаңа моделін дүниеге әкелді. Осы орайда журналистика теориясы мен практикасы мамандары заман талабына сай жаңа білім бағдарламаларын әзірлеп, жаңа тұрпатты журналист дайындауға көшуі керек. Оған университеттер дайын», - деді Е. Сыдықов онлайн-форматта «Қазақстан Республикасындағы журналистика деңгейі» тақырыбында өткен талқылау барысында. 

Оның пайымынша, бүгінгі БАҚ, журналистика ел дамуында, қоғамды басқаруда елеулі рөлге ие. 

«Журналистика кәсіп, қызмет, мамандық болудан гөрі үлкен міндет арқалаған миссияға айналды. БАҚ - электорат сенетін ақпарат көзі. Сондықтан да қазір коммуникация құралдары айқындайтын халық билігі туралы айта бастасақ та болады. Бұл болашақ журналистерді дайындау барысында біздің жауапкершілігіміздің арта түсетінін тағы бір дәлелдейді», - деді ЕҰУ ректоры.