Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов коронавирус инфекциясы бойынша жаңа талаптар енгізілгеннен кейін алғашқы халықаралық әуе рейстерінің келуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Кеше кешке қосымша шектеу талаптары жағдайында елорданың әуе айлағының дайындығы сараланды. Осы жылдың 6 қазанының түнінде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы Түркиядан 4 әуе рейсін күтіп алды. Барлығы 478 жолаушы келді. Олардың 170-і COVID-19 бойынша ПТР-анықтамасы болмағандықтан карантиндік стационарға жатқызылды. Олар сол жерде ПТР-анализден өтеді», - деді көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.
Ал Алматы қаласындағы әуежай Түркия, Оңтүстік Корея мен Беларусьтан 8 әуе рейсін қабылдаған. Барлығы 797 жолаушы келіп, олардың 230-да COVID-19 бойынша ПТР-анықтамасы болмаған. Олар да ПТР-анализден өту үшін карантиндік стационарға жатқызылды.
Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, Қазақстанға келген шетел азаматтарында COVID-19 бойынша ПТР-анықтама болған. Олардың ешқайсысы депортацияланған жоқ.
Бірінші әуежайда транзиттік жолаушылар да ПТР әдісімен тесттен өту үшін екі күндік карантинге орналастырылады.
ПТР-тесттен өтетін жолаушылары елордадағы Ramada Plaza Astana қонақүйі мен Алматыдағы Renion hotel, Ambassador, Shera Park, «Премьер Алатау» отелдеріндегі карантиндік стационарда жатыр.