14 мам, 2019 сағат 09:10

Жаңа әліпби ережелері мен ұстанымдары

Қазақ тілінің латын графикасына ауысуы  тілдің дыбыстық жүйесіне көп өзгерістер әкелері сөзсіз. Жаңа емле ұстанымдарын айқындауда  жазу тәжірибеміздегі жетістіктер, дыбыстық жүйенің заңдылықтары, әдеби тіліміздің лексикалық қабатындағы өзгерістер, дәстүрге айналған нормалардың сақталуы, латыннегізді әліпбиді қолданған және қолдана бастаған түркітектес халықтардың емле тәжірибелері басшылыққа алынды.

Дегенмен қазіргі таңда жаңа емлеге байланысты сын-ескертпелер де баршылық. Ғалым Исхан Бейбіт Жәлелұлы «Қазақ тілінің латынша жаңа әліпбиі негізіндегі емле ережелерінің жобасы туралы» деген мақаласында: «Жобаны дайындау барысында осы күнге дейін қолданылып келе жатқан кирилше жазудың емле ережелері басшылыққа алыныпты. Сол себептен болар оның бұрыннан күмәнді болып көрінетін тұстары қайталаныпты» деген ойды айтады.

Жалпы жаңа әліпби ережелерін дайындауда кирилл емле ережесі басшылыққа алынғаны белгілі. Бұл заңды құбылыс. Себебі графика ауысқанымен тілдің құрылымдық жүйесі өзгерген жоқ. Тілдің грамматикалық құрылысы, оның қалыптасқан  заңдылықтары, түрлену жүйесінде өзгеріс, тілдің жалғамалылығы өзгерген жоқ. Өзгеріп жатқан тек графика ғана. Сондықтан жаңа емле жобасында бұрынғы емле ережелердің басшылыққа алыну заңды құбылыс деп ойлаймын.

Келесі бір ескертпеде «а́ , о, о́ , u, ú  әріптері сөз басында, бірінші буында, сондай-ақ қос сөз бен біріккен сөздің екінші сыңарының басқы және екінші буындарында да жазылады» дегенге онша келісе қоймаймыз. Қазақ сөздерінде «о» дыбысының екінші буында және  сөз аяғында қолданылмайтыны заңдылық... Бірақ «а́» дыбысының екінші буында, тіпті  сөз соңында жазылмауын қандай заңмен негіздейміз. «Араб, парсы тілдерінен енген кейбір сөздердің екінші буынында  а́  әріптері жазылады: sirá, kiná, kýá, ińkár, kúmán, shúbá, zámzám, dúdámal» деп ескерту жасағанымызбен, «а́»  дыбысының жанды (ауызша) тілдегі қолданысы бұл сөздермен шектеліп қалмайтыны анық. «Á» дыбысының қазақ сөздерінің барлық орындарында (позицияларында) қолданылатынына шектеу қоюда  орыстандыру саясатының ізі жатыр»... деп ғалым «а́»  дыбысының барлық буындарда қолданылуын жолға қойсақ деген пікірді айтады. Әрине, ғалымның пікірінің де жаны бар. Бірақ бұл ерекшелік «ә» дыбысының ауызекі сөйлеу тіліне тән қызметі. Ал «а́»  дыбысы әдеби тілмізде  төл сөздерде  тек бірінші буында ғана кездеседі. Тіл тарихын зерттеуші ғалым М.Томанов «ә» дыбысының ерте кезден қолданылу ерекшелігін саралай келе, «Әзірбайжан, ұйғыр, татар, башқұрт тілдерінде ә түбір ішінде де, қосымшалар құрамында да айтылады, ал қазақ тілінде тек қана бірінші буында айтылады. Қолданылу жиілігі жағынан әзербайжан, ұйғыр, одан кейін  татар, башқұрт тілдері тұратынын» атап өткен болатын.

Яғни, қазақтың төл сөздерінде «ә» дыбысының қолданылу жиілігі тек бірінші буындар болып келетінін негіздейді. С.Мырзабеков те «Орфографияға сәйкес ә әріпі барлығы 2,5 мыңдай сөздің бірінші буынында кездеседі» дейді.  Ал кірме сөздердегі «ә» дыбысының  соңғы позицияда кездесуі  жоғарыда берілген сөздермен шектеліп қалмайды. Бұл Орфографиялық ережелер жинағы болғандықтан, оған  барлық сөздерді санамалап көрсетудің қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз. «Ә» дыбысының халықтың ауызекі тілінде  қолданылу өрісі кең. Сондықтан бұл мәселелер орфографиялық ережеде емес, орфоэпиялық сөздіктердің еншісіндегі дүние деп ойлаймыз. 

Енді бір ескертпеде «vıolonchel, avtor, rezerv» деген сөздердің жазылуында қазақ тілінің табиғи заңдылығына кереғар  заңдылықтар бар деп көрсетеді. Бұл сөздердің оқылып-айтылуы тіліміздің буын үндестігі заңына сәйкес келмейтіндігі айтылады. Әрине, бұл қолданыстар шеттілдік  болғандықтан олардың қазақ тілінің сингармонизм заңына үлеспейтіні анық. Бірақ қазіргі қолданыстағы біраз шеттілдік сөздерді Жаңа емле ережеде  мүмкіндігінше тілімізге икемдеп жазған тұстары  бар. 

Мысалы: товар- taýar, номер-nómir, почта-poshta, костюм-kástóm, пальто-pálte, поезд-poıyz, съезд-sıez, слесарь-slesir, ведомость-vedimis секілді қолданыстарды атауға болады. Бұдан басқа да көптеген мысалдарды кездестіруге болады: шеттілдік сөздердегі ё әрпі  ө (о́) әрпімен таңбаланып, маневр сөзі manо́vr, актер сөзі аktór  болып; ц әрпі  s әрпі арқылы жазылып, цирк сөзіміз sırk,  цемент сөзіміз sement болып; э әрпі е әрпімен жазылып,  элемент сөзі element, элеватор сөзіміз  elevator болып; ю әрпі  ү (ú) әрпімен беріліп, парашют сөзіміз parashút, абсолют сөзіміз absolút болып өзгерді және т.б. Бұл шеттілдік сөздердің бәрі  қазақ тілінің заңдылығына қарай икемделген қолданыстар.  

Сондықтан бұл қолданыстардың бәрі сөздік құрамға «өз заңымен кірейін деп отырған... өзгетілдік сөздер» емес. Қазақ тілінің заңдылығына сәйкес икемделген шеттілдік сөздер. Орфографиялық ереженің басты ұстанымдарының бірі осы шеттілдік сөздердің орфографиялану үлгісін ұсыну болып табылады. 

Сонымен қатар «Соңғы буындағы ы, і әріптері бар түбір сөздерге  тәуелдік қосымшасы жалғанғанда, соңғы буындағы ы, і әріптері түсіріліп жазылады... Мағынасына нұқсан келетін сөздерде ы,і  түсірілмей жазылатыны»  айтылған. Мақала авторы бұл ережені кирилше емле ережелеріміздегі қателіктерді қайталау деп түсінеді.

Жалпы бұл  ережеде қайталау емес, оны нақтылау бар секілді. Сөз мағынасына нұқсан келмеген жағдайда  түсіріп айту: ауыл-аулы, дауыс-даусы, ал сөз мағынасына әсер еткен жағдайда өзгеріссіз түсірмей жазу ережесі әлдеқайда тиімдірек: қалып-қалыбы. Бұл ережені кезінде А.Айғабылов та «Морфонология» еңбегінде талдап көрсеткен болатын.

Келесі бір ескертпеде «Екінші сыңары  асы, ағасы, анасы, басы тұлғаларымен жасалған біріккен сөздерге септік жалғаулары сөздің тәуелдік формасына жалғанады: Елбасы+(на+н+нда)... авторлар аталған тұлғадағы сөздерге тәуелдік жалғаудың қалай жалғанатынын айтпай, оны атап өткен» дейді. Ереже тәуелдік жалғауының жалғану ерекшелігі жөнінде емес, асы, ағасы, анасы, басы тұлғаларымен жасалған біріккен сөздерге септік формаларының жалғануы сөз болып отыр. Сондықтан бұл жерде тәуелдік жалғауының жалғану ерекшелігін түсіндірудің еш қажеттілігі жоқ деп ойлаймыз.

Сол сияқты мақала авторы Ережедегі 28-параграфқа тоқтай отырып, «бұл баптағы нұсқаулық дұрыс болып көрінгенімен, ... «жүзбе-жүз, бетпе-бет»  сияқты сөздердің қалай жазылатыны туралы жақ ашпаған деген пікір айтады. Жалпы орфографиялық ережеде шылаулармен келген күрделі тіркестердің бөлек жазылу ережесі сөз болып отыр, ал «жүзбе-жүз, бетпе-бет»  деген қос сөздер бұл ережемен мүлдем үйлеспейді.  Жалпы бұндай сөздердің жазылу ерекшеліктері Орфографиялық сөздікте, анықтағыштарда  беріледі.

Жалпы орфографиялық ережедегі кейбір мәселелерге байланысты пікірталастың орын алуы заңды құбылыс. Әр ғалымның өзіндік көзқарасы, тұжырымы бар екені сөзсіз. Әрі бұл  қазақ қоғамының тіл мәселесіне жанашырлық танытуы. Бірақ жаңа орфографиялық ережеде жасалған сапалық өзгерістер де көп. Жаңа орфографиялық ережені түзуде ұлттық әдеби тіліміздің заңдылықтары, оның дәстүрлі нормалары ескеріліп, жеке дыбыстардың, дыбыстық тіркестердің жазылу ерекшеліктері, бейүндес буынды кірме сөздерге қосымша жалғаудың орфографиялану тәртібі, шеттілдік сөздердің орфографиялану үлгісі  айқындалып отыр.

Ләззат Еспекова,

Л.Н.Гумилев атындағы

 Еуразия ұлттық университетінің

 профессоры, ф.ғ.к