Фото: Орталықтың мұрағатынан
Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімін иеленген киелі Әулиеата өңірінде бабадан қалған бекзат өнеріміз айтыстың аламанында атой салған ақындар аз емес. Тарихқа тым тереңдемей-ақ бертіндегілерді тілге тиек етер болсақ, Шорабек Айдаров, Мұхамеджан Тазабеков, Әзімбек Жанқұлиев, Айнұр Тұрсынбаева сынды жамбылдық жыр жүйріктері төл өнеріміздің төрге озуына аз еңбек сіңірген жоқ. Одан кейінгі жылдары да әулиеаталық ақындар сол биігінен түскен жоқ. Жылдар жылжып, бірнеше буын алмасқанымен, киелі өнердің алтын арқауы үзілмей келеді. Алдағы жақын жылдары да Тараздан таланттардың лек-легімен шығарына сеніміз мол. Себебі өткен жылы Тараз қаласында еліміздегі тұңғыш айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығы ашылып, жұмысын бастады.
Белгілі айтыскер ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков тізгінін қолға алған орталықта бүгінгі таңда өлең-жырға ынтық, сөз қонған, өнер дарыған жастар тәрбиеленіп жүр. Санаулы күндерден кейін ашылғанына бір жыл толатын орталықта бүгінге дейін біршама жұмыстар атқарылыпты.
«Айтыскерлер мен жыршы-термешілер орталығы алғашқы болып Әулиеатада ашылды. Қазіргі таңда басқа өңірлерден де бізден көріп, ашуға талпынып жатыр. Орталықтың негізгі мақсаты – айтыс пен жыршылық өнерді дамыту және Жамбыл ақынның шығармашылығын таныту. Сонымен қатар орталықта тәлім алып жатқан болашақ айтыскерлерге қолдау көрсету, талантын шыңдау – басты міндеттеріміздің бірі.
Айтыс өнерінің жалғасуы үшін жастарды тәрбиелеу аса маңызды. Осы бағытта орталық өңірдегі мәдениет және өнер мекемелерімен бірге арнайы бағдарламалар ұйымдастырып, жас ақындарды жарыстарға дайындауда. Біз ұлттық өнердің қайнарынан сусындаған жастарды қолдауға әрдайым дайынбыз.
Сондай-ақ орталықтың басты жоспарларының бірі – айтыс пен жыршылық өнерді тек сахна арқылы ғана емес, қазіргі заманғы медиа құралдар арқылы да көпшілікке жеткізу. Әсіресе әлеуметтік желілерде ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыру мақсатында арнайы жобалар дайындалып, айтыс өнерінің шын жанашырлары үшін жаңа форматтағы бағдарламалар әзірленуде. Бұл қадам айтыс пен жыршылық өнерді жастар арасында насихаттап, заман талабына сай дамытуға мүмкіндік береді» деген Ахметжан Орынбасарұлы орталықтың ұйытқы болуымен осы уақытқа дейін атқарылған іс-шараларға, алдағы жоба-жоспарларға тоқталды.
Алдағы уақытта орталық айтыс өнерін тек жергілікті деңгейде ғана емес, халықаралық сахналарда да танытуды көздеп отыр. Бұл мақсатта халықаралық байқауларға қатысу жоспарлануда. Сонымен қатар аймақтық деңгейде шығармашылық кештер өткізу арқылы жас дарындардың өнерін кеңінен насихаттау ісі жалғаса бермек.
Өткен жылы орталық 1 тәжірибе алмасуға арналған семинар, 2 әдеби- сазды кеш, 1 халықаралық фестиваль, 2 сыр-сұхбат, 2 айтыс, 1 әдеби кеш және 2 «дөңгелек үстел», барлығы 11 іс-шара өткізіпті.
«Мәселен айтыс ақындары мен жыршы-теремешілердің арасындағы байланысты арттыру мақсатында айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовпен «Сыр елінің ақтаңгері» тақырыбында өткен кездесудің тағылымы мен тәлімі мол болды. Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай Жамбыл облысының айтыскер ақындары мен жыршы-термешілері және Қырғызстанның ақын, манасшыларының қатысуымен «Алатаудың Бұлбұлы» атты халықаралық фестиваль өтті. Фестивальдің мақсаты – екі елдің ынтымақтастығын нығайтып, салт-дәстүр сабақтастығы, ел бірлігі, туған жердің қадір-қасиетін ақындар өлеңімен айшықтап-жырлап, өрнектеп ортаға салу.
Шона Смаханұлының шығармалары арқылы өлке тарихын, жер-суын, туған топырақтың қадір-қасиетін ұғындыру, айтыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде халыққа жан-жақты насихаттау мақсатында «Анамның тілі – қуатым менің» облыстық жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. «Адалдықты жырлайды, Тәуелсіз елдің ақыны» атты облыстық жас ақындар айтысы да бірнеше тасада жүрген таланттың танылуына себепкер болды.
Әрине, тізбелесек өткізілген іс-шаралар өте көп. Дегенмен осы орайда біз белгілі айтыскерлермен, ақын-жазушылармен, зиялы қауым өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп тұратынымызды айта кеткім келеді. Мақсатымыз – жастарға бағыт-бағдар беру, жол көрсетіп, жөн сілтеу. Мәселен жоғарыда айтып өткенімдей Мұхтар Ниязовпен, ақтөбелік әнші-сазгер Құрал Молжановпен, Х республикалық дәстүрлі әншілер конкурсының лауреаты Бекарыс Көштаевпен, ақын, сазгер, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Қасқырбай Нарбатыровпен, республикаға танымал айтыскер ақын Рүстем Қайыртаймен кездесулер өтті. Қонақтарымыз жастарымызға пайдалы кеңестерін беріп, тәжірибелерімен бөлісіп, үлкен рухани азық сыйлады. Мәдениет-өнер саласында олжа салған, салып жүрген аға-әпкелерін көріп, еліктеп өскен жастар ертең жаман болмайды», дейді Ахметжан Өзбеков.
Тағы бір айта кетерлігі, орталығықта өткен жылдың күзінде 5-11 сынып оқушылары және студенттер үшін «Ақберен» айтыс үйірмесі және «Қаратау» жыр-терме үйірмесі ашылды. Аталған үйірмелер барлық балалар үшін тегін. Сондай-ақ үйірме қатысушылары домбыралармен қамтамыз етілген.
«Ақберен» айтыс үйірмесінде оқушылар айтыстың тарихына үңіліп, түрлі кітаптармен танысып, мақамдар мен ұйқас түрлерін ажыратып, суырыпсалмалық өнердің ерекшеліктерін, айтыстың өзіндік техникаларын (сөзбен шабуыл, жауап қайтару, домбырамен сүйемелдеу, сахна мәдениетінің) үйрене алады.
«Қаратау» жыр-терме үйірмесінде жыр мен терменің тарихына үңіліп, түрлі кітаптармен танысады, мақамдар мен ұйқас түрлерін ажыратып, Шу-Қаратау, Жетісу мақамдарын үйренеді.
Мүмкін бүгінгі таңда орталықта тәрбиеленіп жатқан жеткіншіктер ертеңгі күні белгілі айтыскер, жыр-термеші болар, болмас, уақыт көрсетеді. Бірақ, жастайынан өнерге жақын болып, домбыра ұстап өскен ұлдың ертең ұлтты да ұстайтынын ұмытпайық. Сондықтан алға қойған мақсаты айқын, жоспары нық орталық жұмысына тек сәттілік тілейміз.
Десе де Әулиеата өңірінде ғана емес, ел көлемінде де қазіргі таңда жыр мен термені дамытуға көңіл бөлу, жыршы мен термешіні бағалау жоғары деңгейде деп айту қиын-ақ. Әсілінде бұл ұлттық руханият төңірегіндегі үлкен мәселеге айналып келеді. Жалпы термешілік, жыршылық жайлы сөз қозғағанда осы өңірде де бірден еске түсе кететін есімдер баршылық. Әуелі ұзақ жыл жыршылық, термешілік бағытта еңбек сіңірген Аяз Бетбаевтың қоңыр домбырасының үнімен үндескен әуезді әндері, жыр-термелері ойға оралады. Есімі айтыспен танылса да, Айтмұханбет Исақов та осы жанрдың жандануына біраз тер төкті. Меркілік Бейбіт Шошабаевты, байзақтық Ертай Тазабековті, Болат Басықараевты атап өтуге болады.
Бірақ насихат, қолдау жағы кемшін. Байзақтық термеші Ертай Тазабеков барлық өсиет пен тағылым терменің сөздерінде жатқанын айтып, сол құндылық жастар мен жасөспірімдер тәрбиесіне өте керек екенін жеткізді.
«Біз осы жағынан ақсап тұрмыз. Неге термешілер көп шықпайды деп кінә тағу да дұрыс емес. Соңғы ұзақ жылдар бойы бұл бағытқа көңіл бөлінбей кетті. Қазір айтыс өнері біздің облыста өте жақсы дамыды. Үлкендерін айтпағанда оқушы ақындардың жетістіктері де қомақты. Сол секілді терме өнерін де мектеп партасынан дамыту керек. Оқушылар арасында аудандық, облыстық терме байқаулары жиі өтіп, жеңімпаздарды ынталандыру қажет. Қазіргі таңда айтыскерлерді ынталандыру жақсы деп айта аламыз. Сондай деңгейде термешілерге де, жас термешілерге де назар бұруымыз керек. Жас ұрпақты тәрбиелесек, жақсы термешілер көптің арасынан шығарына сенімім мол», дейді.
Мұндай мәселенің барын елімізге белгілі әнші, термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев та жоққа шығармады.
«Мен ауылдарға тегін концерт беремін. Термелерді тегін орындаймын. Ол да терме өнерін дамытуға жасалған қадам. Маған ауылдағы көптеген көрермен термені дамытудың түрлі жолдарын айтады» деген ол бұл әншілік мектебінің қашанда өнер кеніші болған ел ішінде әлі де бар екенін айтты. Тек оған жеткілікті көңіл бөлінсе.