18 сәу, 2020 сағат 12:28

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандардың бірі – жүкті әйел

Жамбыл облысында коронавирус инфекциясына шалдығудың жаңа деректеріне қатысты мәлімет берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

1 оқиға 17 сәуір күні (сағат 22.50-дегі жағдай бойынша), 4 жағдай 18 сәуір күні (сағат 09.30-дағы жағдай) анықталған болатын. Оның 2-еуі Қордай ауданында, 2-еуі Тараз қаласында және 1-еуі Жамбыл ауданында тіркелді. 

17 сәуірде коронавирус Қордай ауданында анықталды. Науқас – Қырғыз Республикасының азаматы, жүргізуші. Алматы қаласына жүк артуға келе жатқан. Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде «Қарасу» өту пунктінде одан ПТР-ға алынған талдау оң нәтиже көрсетті. Науқас арнайы көлікпен Бішкек қаласына жіберілді.

18 сәуірде тіркелген екі науқас – Қордай және Жамбыл аудандарының тұрғындары.

Оның бірі – науқаспен жақын байланыста болған тұлға ретінде Тараз қаласында карантиндік стационарда жатқан 2002 жылы туған қыз бала. Карантиндік стационарға жатқызған күнгі зертхана талдауы теріс нәтиже көрсеткенімен, қайталап алынған талдау қорытындысы оң нәтиже көрсетті. 

Екіншісі 1991 жылы туған Жамбыл ауданының тұрғыны. Ол байланыста болған тұлға ретінде үй карантиніне оқшауланып, ПТР-ге алынған талдау оң нәтиже көрсеткен.

Қалған екі науқас – Тараз қаласының тұрғындары.

1970 жылы туған әйел дене қызуының жоғарылауына байланысты денсаулық жағдайы бойынша демалыста болған. Алынған талдау қорытындысы коронавирус инфекциясының бар екенін көрсетті. 

Сондай-ақ, Тараз қаласынан тіркелген екінші науқас –1987 жылы туған әйел. Жүктілігінің 20-аптасын өткізіп жатқан ол жоғары дене қызуы, ентігу мен жөтелге қатысты шағымдарымен емханаға жеткізіліп, КВИ-ға тексеріс қорытындысы оң нәтиже көрсеткен.

Инфекция жұқтырған барлық төрт қазақстандық облыстық көпсалалы балалар ауруханасының жұқпалы аурулар корпусына жатқызылды.

Үй және жұмыс орындары бойынша ошақтарда эпидемияға қарсы өңдеу іс-шаралары жүргізілді. Эпидемиологиялық тексеріс барысында байланыста болған 35 адам анықталды.

Жалпы облыс аумағында коронавирустық инфекцияның 58 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Тараз қаласында - 9, Байзақ ауданында – 3, Жамбыл ауданында – 4, Қордай ауданында - 32, Меркі ауданында - 2, Мойынқұм ауданында – 1, Шу ауданында – 1, сондай-ақ Дели-Тараз рейсінен 6 жағдай анықталған.

Соңғы деректер бойынша Жамбыл облысында инфекцияны жұқтырғандардың жалпы саны – 58 адам.