28 мам, 2021 сағат 19:48

Жақсылық Сәбитов «Жамиғ Ат-Тауарихтың» қолжазбаларын біріздендіруді ұсынды


«Жамиға Ат-Тауарих» еңбегінің 3 тілдегі нұсқасын бір ізге түсірмесе, қателіктен көз ашпаймыз. Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, философия докторы Жақсылық Сәбитов «Ұлық Ұлыс-Алтын Орда: бастауы, тарихы және мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжіриелік конференцияда осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сөзінің басында тарихшы Шоқан Уәлихановтың Алтын Орда тарихын зерттеудегі еңбегі ерен болғанын еске салды.

«ХІХ ғасырда Алтын Орданы зерттеген көрнекті ғалымның бірі – Шоқан Уәлиханов. Ол өзінің жыл ғұмырында өте ауқымды ғылым еңбек сіңіріп кеткен. Қазірге дейін оның бұл ерлігін ешкім қайталай алған жоқ. Тіпті оны өз уақытынан 150 жылға озып кеткен. Оның еңбектеріндегі тезистердің көбі әлі күнге дейін өзекті. Оның жазған еңбектері қазіргі біздің оқулықтарда да озық деуге болады. Ал оның бұл тақырыпта өте мазмұнды әрі жемісті еңбек етуіне Қадырғали Жалайыридің «Жамиғ Ат-Тауарих» еңбегін білгені көп септігін тигізген», - дейді ғалым.

Сондай-ақ, ол Қадырғали Жалайыридің еңбегін Жошы Ұлысы – Алтын Орданың тарихына дала перзентінің көзімен ғылыми баға берген ең іргелі туынды деп атады. 

Айтуынша, Алтын Орда тарихын зерттеген қазақтың көрнекті ұлдарының бәрі бұл еңбекті айналып өтпеген. 

Ең бастысы – аталған еңбекте Алтын Орда қазіргідей Астрахан, Қазан, Сібір хандығына бөлек-бөлек сипатталмаған. 

Керісінше Алтын Орданың иелігін тұтасқан мәдени кеңістік ретінде сипаттаған. 

«Жамиғ Ат-Тауарихтың» төрт қолжасбасы бар. Татар тілінде екеу, қазақ тілінде бір, ұйғыр тілінде бір нұсқасы қалған. Салыстырып қарасақ, араларында айырмашылық бар. Мысалы, татар тіліндегі екі нұсқасының өзінде айырмашылық кездеседі. Бірінде Ақ Орда туралы айтылса, екіншісінде Ақ Орда туралы жоқ. Осы қолжазбаларды біріздендіріп, үлкен жалғыз мәтін қалыптастырмасақ және қолжазбалардағы айырмашылықтарға ғылыми баға бермесек, қателесе береміз. Мысалы, «Мәдени мұра» аясында осы еңбек басылып шыққанда Орыс ханға қатысты қателік кеткен. Қадырғали Жалайыридің еңбегі Алаш ұғымының шығу тарихынан мәлімет беретін алғашқы дереккөз ретінде де құнды. Ондағы «Алаш мыңы» ұғымы қазақ жүдерінің қалай пайда болғанынан хабар береді», - деді Жақсылық Сәбитов.