26 қар, 2018 сағат 07:00

Жады жаңғырығы

Алаулап таң атады, манаурап күн батады - өте шыққан бір сәт қана.

Жылды жылдар алмастырады - өң мен түстің арасында діңкелеткен елес дерсің.

Ғасырды ғасыр өкшелейді - енді сен жоқсың, ол бар. Бірақ ол да саған ұқсап дал қалпынан арылмаған.

Тіршілік заңдылығынан. Өмірге таңырқай келген адамзат мына жалған дүниеден сол таңырқаған қалпында өтеді де кетеді. Сонда келу мен кету аралығын айқындайтын қандай күш? Ол - тарихи жады. Адамзаттан сол жадыны түбегейлі ақтарар ниет пен ықылас табылсын деп тілейік. Ондай батылдыққа барғандар күнгейге ғана алданбай, көлеңкеге де назар аударып қойса тіптен жақсы. Өйткені, шындық ашылау болғандықтан оны үнемі тасаға жасыруға ниеттіміз.

Қазақ тарихында да жасырындылар тым көп. Баттиғаны да, былқылдағы да қат-қабат. Баттиғанын басқалар айтар, біз былқылдақтыққа ден қойдық.

ҚАРАҒАН мен ҚАНЖАР

Ен далаға шыға қалсам қараған мен тобылғының, яғни шұбарлардың тамырынан көтеріліп келе жатқанына қуанамын. Неліктен? Сондықтан, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Мәскеуде отырған бір алжыған шалдың сандырағына елігіп ішіне аттылы адам кірсе бөркі ғана жылтыңдай көрінер қалың шұбарды әп-сәтте-ақ отап тастаған едік. Осы жұмысқа берілгеніміз соншалық, қақырай сынып жатқан шалғылардың обал-сауабына қарамадық. Тек, өзіміз танымаған әлдекімдерді ішімізден келістіре тұрып сыбап алып алдымыздан кездескенді ора бердік, ора бердік. Артынан әр-әр тұстан аумақты шұңқырлар қазып, әлгі шапқан қарағандарымызды соларға тықпаладық. Сонсын оған қоспалар қостық па, қоспадық па, ол жағы беймәлім, әлгі шұңқырларды енді қайтып ашылмастай көмдік те тастадық.

Әріде жоғарғы жақтағыларға істің ойдағыдай аяқталғаны жөнінде сала құлаш ақпар беріп барып тыныс қайырғанымыз есімізде. Болған-біткені осы ғана. Қазір сол шұңқырлардың қайда екенін тап басып айтатын ешкімді таппайсың.

Мұны несіне айтып отырмын? Жаным ауырғандықтан қалам тартуға мәжбүрмін. Осыншама отап тастардай шұбардың не жазығы бар еді? Мұны сол кезде ессіздердің жетесіне жеткізер, табиғатқа араша түсер бір жанның табылмағаны ма?

Табылмады. Табылмайтын да. Өйткені, «жасампаз коммунистік партияның сардарларында» бас болғанымен оны нағыз бас қалпында ұстар мыйдың болмағаны әмбеге аян-ды. Ол мыйды сәбеттің керемет идеологиясы әлдеқайда қотарып тастағаны белгілі еді. Соның нәтижесінде қалтақтағандар мен қалбаңдағандардың қарасы көбейіп шыға келген.

Кейіннен солардың ұрпақтары әлеуетті қолдардың демеуі арқылы билік басына келгені өкінішті, әрине. Ол басқа әңгімеге желі. Бірақ, біз тақырыбымыздан ауытқымайық.

Иә, сөйтіп біз даланы тақырлап тастағанбыз. Бұл – экологиялық апат-ты. Ал экологиялық апат зардабы атом бомбасынан да асқан опат әкелерін түсінбегеніміз өкінішті. Өйткені табиғатты өзгерту - адамдарды, адами психологияны өзгертуге себепкер жағдай екенін ұғынуға шамамыз жетпейтін.

Сөйте тұра қой санын елу миллионға жеткізу бастамасы көтерілгені қызық. Тоспасы табылмаған қу даланы сырма жайлады. Малшылар ықтасын боларлық қалқа таппай, қой төлдету науқанын ши-қамыстан тұрғызылған аран ішінде өткізуге мәжбүр болды. Бұдан қозы қырылды, суық өткен төл әлжуаз қалпында жетілді. Ең кереметі - маңайдағы көрінген ши, қамысты қалай отап тастағанымызды тағы байқамадық.

Шын мәнінде, малмен бірге жасасқан атам қазақ шұбары көп жерден қоныс табуға тырысқан-ды. Ол көктемгі ызғарлы желден біріншіден қорғаса, екіншіден көктемесі ертерек қылт-қылт етіп, қыстан қажып шыққан малдың ертерек тоғайуына себтігін тигізетін. Төл де құм жеп шетінемей, балаусамен ауызданып, баданадай кейіп алатын. Сонсын буынын бекіте ойнақтап шыға келетін.

Шұбардың тарихи бетбұрыстарға дәнекер болғаны да талассыз. Оны соңғы ханымыз Кенесары қолының «Дуан» бекінісіне шабуылынан көреміз. Дәл сонда қазақ сарбаздары жуандығы бармақтай қараған, тобылғыны топтастыра байлап, қалқан есебінде пайдалана жауына шабуыл жасап, ақыры бекіністі қиратып тынған. Осының арқасында ұлы даламызда басқыншылардың бір тұрағы кеміп, қасиетті Сарыарқа аз уақытқа болса да бодандықтың бұғауынан азат қалпын сақтап қалған.

Басқыншылық пиғылды сөз еткенде адам түгілі аспан түнеріп, қап-қара бұлттар көзінен жас сығатын шығар. Қазан төңкерісінен кейінгі қазақ даласына жеткен зобалаңдар, отыз екінің аштығы, отыз жетінің репрессиясы, тың игеру, космодром - мұның барлығы қазақ жерін қазақтардан босату амалдарынан ойластырылған әрекеттер екені айтпаса да түсінікті. Соның бір парасы жоғарыда біз сөз еткен экологиялық апат нышаны. Олай дейтініміз, бүкіл өмірін малмен байланыстырған, соның нәтижесінде бұл күнге аман-есен жеткен халықты негізгі тұрағынан оқ шығармай қуу амалы – жерді нәпақалық қуатынан айыруда тұрған. Ол үшін өздері сырттан ғана бақылау жүргізіп, бәрін біздің қолымызбен жасау аярлығын арқау еткен амалдары еді, мына айдап салу қитұрқылығы. Алақанымызға қанжар ұстатты, мәңгүрттігімізден біз оны қара жердің жүрегіне тыққыладық. Абырой болғанда, Тәуелсіздік туы желбіреп, туған топырақты ажалдан арашалап қалды. Бүгінде ес алған ұрпақ жетілді. Енді олар ел мен жерді қасық қаны қалғанша қорғамақ.

Ләйім, өміршеңдігімізден айырмағай!

ҚАЗУ мен ЖАЗУ

Үйден аттап шықпасаң үйкүшік атануың бір басқа, табан ізіңнен әріні көрмейтін дүмбілезге айналуың оп-оңай. Ал, аттасаң... Аттасаң кеудеңді өкініш пен өксік қысып тастауы әбден ықтимал. Неліктен? Сондықтан, айналаңда болып жатқан келеңсіздіктерге жаның ауырады, жүрегің сыздайды. Қарсыласар қайран таппағаныңда тіптен жер боласың. Бәрі маңайыңдағылардың ашқарақтығынан, айналаңның ашкөздігінен. Қанағатты қап түбіне жасырған ниет аранын айдаһардай ашып алғаны жасырын емес.

Өзіңіз саралаңыз: бұл күнде қара жер шұрық-тесік. Анда да, мында да карьер, шахта. Кен тасыған қырық, алпыс, жүз тонналық алыптар доңғалағының астында қалтыраған жерді, сазша иленген тастарды аяйсың. Көк болса-болмаса тамырынан солып біткен. Сонда арашаны кімнен сұрағандаймыз, араағайындықты кімнен күткендейміз?

Кен өндіру бізге жат емес. Бүгінгіні былай қойғанда тарих қойнауы қазіргі қазақ жерінің металлургия өндірісінің ошағына айналғанын баяғыда дәлелдеп қойған. Бәрін қазбалай бермей, академик Әлкей Марғұланның мына пікірімен ғана сөзімізді тұздықтайық: «Орталық Қазақстан біздің жыл санауымызға дейінгі екінші мыңжылдықтың екінші жартысында Еуразия құрылығындағы маңызды металл өндіру орталықтарының бірі болды, - дейді ол ұзақ жылғы зерттеулерін негізге ала, - Жезқазған кендерін игеру неолиттен (жаңа тас дәуірі) энеолитке (мыс дәуіріне) көшу кезеңінде (б.д.д. 1 мыңжылдық) басталған».

Басталсын-ақ. Дегенмен, ғасырларға емес, дәуірлерге жүгінген осынау ұлан-ғайыр аралықта біз сол кенді ұқсатуға мүмкіндік таптық па? Сұрақ түйіні осы тұсқа жеткенде ауызымызды жаба қоятынымызға таңмын.

Сандаған қоғамдық сатылардан өткен Қазақстан қазір, Құдайға шүкір, тәуелсіз мемлекет. Ширек ғасыдан астам уақыт үстінде «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожаны жатырқайтын шамаға жеттік. Жыл өткен сайын қабылданатын түрлі-түрлі жобаларымыз да жеткілікті. Олардың бәрінің елдің игілігі, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталғаны талас тудырмаса керек. Алайда...

Алайда, атауынан адам түгілі ат үркер осы бағдарламалардың өз мәнінде жұмыс жасамауы қынжылыс тудырады. Қынжылатынымыз, дәуірлік тәжірибе барысында ұқсата білу деген қағиданы үйренбей-ақ кеткеніміз талассыз. Басқаша жағдайда көрінген жерді шұқылап тесе бермей, бұрынғы игергенімізден де көл-көсір пайда тауып, шекеміз шылқып отырар едік.

Мысал ма? Мысалға жүгінейік: бір кездегі еліміздің премьер-министрі Даниал Ахметовтың: «Қазақстанның осмий - 187 изотобы теңдесi жоқ өнiм. Әлемнiң ешбiр елiнде мұндай өнiм жоқ. Ренийдiң қоры Қазақстан мен Чилиде ғана бар», - деп жар салуының өзi дүниежүзi алдындағы беделiмiздi айқындап бергендей еді. Ал осындай бағалы өнімнің әлемдік қордағы салмағы 100 пайыз деп есептесек, соның 99 пайызы Қазақстан мысының құрамында сақталғаны мақтанышымызды нығайтқан. Мұның өзi қазақ жерiнiң байлық мәртебесiн асқақтатқаны шүбәсiз-тін. Алайда, осы байлықты игілігімізге жарата алмағанымыз, алапай-талапайға салып жібергеніміз өкінішті.

Сөзiмiз жалаң шықпауы үшiн шүбәсiз фактiлерге жүгiнейiк.

Жетпiсiншi жылдардың басында қадасы қағылған сирекметалдар цехының Қазақстан Республикасы үкiметiнiң 1995 жылғы 28 қыркүйектегi № 1292 қаулысымен республикалық мемлекеттiк кәсiпорын болып шаңырақ көтергенi жұртшылыққа аян. Сол кездегi Премьер-министр Ә. Қажыгелдиннiң өзi қол қойған бұл қаулыда осмий - 187-нi, рений өнiмiн, құрамында күмiс және алтын бар шламдарды, сондай-ақ сирек кездесетiн және басқа қымбат металдарды өндiру жөнiнде ашық айтылған. Жер байлығын ел игiлiгiне сай пайдалану тұрғысында халық арасында үкiметке деген оң көзқарас та қалыптаса бастаған едi. Алайда 1996 жылдың 25 қаңтарында осы қаулыға өзгерiс енгiзу жөнiнде Премьер-министр қол қойған жаңа қаулы күмiс және алтыны бар шламдарды «Қазақмыстың» құзырына қайта беруге мәжбүрлiкке икемдедi. Мұның өзi құзырлы органның бiр жағынан жер байлығына деген немкеттiлiгiн танытса, екiншi жағынан тоқпағы мықтының тегеурiнiне тiзе бүгетiнiнiң дәлелi-дi. Бұлай айтуымызға негiз - 1995 жылдың 23 желтоқсан күнi сол кездегi «Жезқазғантүстiмет» акционерлiк қоғамын басқарушы В. Ким мырзаның Әкежан Мағжанұлының атына жазған тiлек хаты мен премьер-министрдiң С. Қалмырзаев атына бағытталған «Почему активами и пассивами распоряжается ведомство, а не предприятие. Согласиться с предложением» деп бұрыштама соғуы.

«Дәніккеннен құныққан жаман» дейді ғой, осыдан әріде «Қазақмыс» пен «Жезқазғансирекмет» арасында айтылмайтын соғыс басталды. Біреуі «аламын» деп көзін алартты, екіншісі «берілмеймін» деп безеріп тұрып алды. Ақыры ұлтжанды азаматтар жеңіске жетіп, кәсіпорын мемлекеттік мәртебесін сақтап қалды. Бағы ашылғандай еді, пайда да таба бастаған. Дегенмен, кейіннен балға үйірілген аралар көбейіп, ақыры бей-берекеті шыққаны анық.

Сол кезеңде «Қазақ әдебиетi» газетiнде, КТК телеарнасында жар салынған Шығыс Еуропа елiнiң бiрiне сатылуға дайындалған сенсациялық осмий - 187 изотобының дерегi немен аяқталғаны да беймәлім. Белгiлi бiр топтың әдейi ұйымдастырған шоуы тәрізді бір дерек жарияланды да, арты құмға сіңген судай жоғалып тынды. Болған-біткені осы ғана. Сонда дейміз-ау, бір грамы бірнеше ондаған мың америка доллары тұратын асыл затта қорадан шығар қидай құн қалмағаны ма?

Қалмайды. Өйткені, жазуға мойынсұнып қазуға ғана дағдыланған сана шұрық-тесіктерді көбейтуге әуес.

Біз дәл сол шақта республикада осмий қорын жасауды баспасөзде көтерудей көтергенбіз. Оны қаперге ілер құлақ табылмағаны және аян. Енді, міне, ауызды қу шөппен сүртудеміз. Мұны айтып отырғанымыз –бүгінгі таңда осмийдің түрін көрмек түгілі атын естуге зар болғанымызды жұрт естісін. Бәлкім, сонда көрінген жерді қазбаламай, қолда барға мұқият болармыз.

***

Шынайы өмір бұлталақтықты көтермейді. Тарих та солай, адастың ба алқымыңнан алып сонадайға лақтырып тастай салады. Шыңғырғаныңа қарамайды. Шындыққа жүгінгенінен.

Біз де белгілі бір кезеңдердің шындығын алдарыңызға жайып тастадық. Құп алсаңыздар құтымыздың орныққаны, құп алмасаңыздар өкінішіміз жоқ, болашақтағылардың құлағына жетер деген үміттеміз.

Төкен ӘЛЖАНТЕГІ