15 қаз, 2018 сағат 11:50

Зейнеткер таксиде жоғалтқан 6 млн теңгесін тауып алды

Астанада зейнеткер жоғалтып алған 6 миллион теңгесін тауып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық ІІД-нен хабарланғандай, «Байқоңыр» ауданының тұрғыны, 70 жастағы зейнеткер әже такси қызметіндегі автокөлікке ірі сомадағы ақшасын ұмытып кеткенін хабарлаған.

«Зейнеткердің айтуынша, қаладағы банктердің бірінен ол ірі сомадағы қаражатын шешіп алып, көшеге шығып, ақ түсті таксиге отырған. Жететін жеріне жетіп алғаннан кейін әлгі зейнеткер таксидің артқы орындығына ақша толы пакетін ұмытып, көліктен түсіп кеткен. Осыдан кейін зейнеткер полицияға хабар берген», - делінген хабарламада.

Қалалық тәртіп сақшылары видеобақылау арқылы ақ түсті «Хонда» маркалы көліктің әлгі әйелді жеткізіп тастағанын анықтайды. Осылайша, такси жүргізушісі полицияға жеткізіліп, оның көлігінің артқы орындығынан ақша толы пакет жатқаны анықталған.

Ақшасын қайта тапқан зейнеткер полицейлерге алғыс айтты.