02 ақп, 2021 сағат 11:35

Зейнетақы жинағын пайдалану: Өтінімді бірнеше рет беруге болмайды

Зейнатақы жинағын алғысы келетін азаматтар қандай кедергілерге жолықты? Бұл сұраққа «Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кейбір азаматтарға (шамамен 6974 адам) өз өтінімін берген кезде – жеке зейнетақы қоры бұған дейін орындалмаған өтінімдерді ескергенде қаражат жеткіліксіз деген жауап келген. Бұл - бірінші күні бірнеше өтінім берген азаматтар. Олар алдымен өтінімді жіберіп алып, кейін соңына дейін жібермедім деп ойлап, тағы бір немесе бірнеше рет өтініш жолдаған. Ал ол өтініштердің барлығы жойыла берген. Біз қазіргі уақытта біз бұл процесті қарап, зерттеп жатырмыз. Бірінші рет өтінім берілгеннен кейін екінші өтінім беруге болмайды. Бірақ бұл мәселені реттеу үшін әзірлеушілерге уақыт керек», - деді Ләззат Ибрагимова ОКҚ-да өтіп жатқан баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ, оның сөзіне қарағанда қазақстандықтар мынадай проблемаға тап болған. Атап айтқанда. олардың өтініміне «Өтініште көрсетілген сома алуға болатын мөлшерден асып кетті» деп көрсетілген. 

Ләззат Ибрагимованың айтуынша бұл өтінім берушілер соманы көрсеткенде қателесіп кеткен. Одан бөлек әртүрлі мәртебесі бар 26 264 өтінім қаралуда.

«Тағы бір азаматтар «БЖЗҚ сіздің өтінішіңізді қарауға қабылдады» деген жауапты көргеннен кейін қайтадан порталдағы жеке кабинетіне кіріп, нәтижесін көргісі келген. Сірә, барлық процедураларды соңына дейін өтіп, өтінішке қол қою керек деп күтсе керек. Әлеуметтік желілердегі реакцияға қарағанда, көптеген адамдар ережелерді мұқият зерттеп, қаржы олардың арнайы шотында пайда болғаннан кейін БЖЗҚ-дағы салым көрсеткіші төмендегенін түсінді», - деп қосты ол.

Еске салсақ, 2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі.

23 қаңтардан Қазақстанда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталды.