06 қар, 2020 сағат 08:17

Ыстанбұлдан елордаға ұшып келген 104 жолаушының бәрінде ПТР анықтамасы болған

Қараша айының 5-нен 6-на қараған түні елорданың әуежайына Air Astana, Belavia, Turkish Airlines әуе компаниялары орындаған 4 рейс келіп қонды. Ол ұшақтармен 529 жолаушы келіп жеткенімен, 34-нің ПТР тест анықтамасы болмаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ПТР тестіден коронавирус жұқтырмағаны анықталса 34 жолаушы үйіне қайтарылады. Ал індетке шалдыққаны белгілі болса олар инфекциялық стационарға жөнелтіледі. 

«Сағат 05.54 кезінде елорданың әуежайына ұшып келген ұшақтың жолаушылары «ең тәртіпті» рейс болып отыр. Ыстанбұл-Нұр-Сұлтан рейсімен келген 104 жолаушының бәрінде коронавирус жұқтырмағаны туралы ПТР тест анықтамасы болған», - деп хабарлайды әуежайдың баспасөз қызметінен. 

Айта кетсек Шығыс Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Ералы Тоғжанов бірқатар шектеу шарасын енгізуді тапсырған еді. Атап айтқанда 2 қарашадан бастап Өскемен мен Нұр-Сұлтан аралығындағы рейстер саны аптасына 17-ден 7-ге дейін қысқарды. Ал Шығыс Қазақстаннан пойызбен және ұшақпен шыққан азаматтарда міндетті түрде коронавирус жұқтырмағанын растайтын ПТР анықтама болуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мемлекеттік органдармен бірге коронавирус инфекциясының алдын алу үшін нақты шаралар кешенін жүзеге асыруда: 

● Жолаушылар міндетті түрде термометриядан өтуі керек. Ол үшін тепловизорлық смарт-камералар қолданылады. 

● Жолаушылар терминалында тәулік бойы санитарлық-карантиндік бекет бригадалары кезекшілікте жүреді. 

● Ішкі және халықаралық рейстерде ұшу және қону аумағытарында жолаушыларға арналған санитайзерлер орнатылған. 

● Жолаушыларды тіркеу, сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының аумағында 1,5 мтерлік әлеуметтік қашықты қамтамасыз ету тәртібі еденде нақты сызбамен көрсетілген. 

● Әуежайдың ішкі аумағын арнайы дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып, санитарлық өңдеу жиілігі артты. Вирусқа қарсы белсенділікке ие антисептик қолданылады. 

● Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына келетін әуе кемелерінің бәрі де дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Сонымен қатар тұрақты түрде жолаушыларға қызмет көрсететін техникада дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. 

● Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша әуежай қызметкерлері нұсқаулық жүргізеді.