Түркияда 22-24 қазан аралығында Ыстанбұлда өтетін Түркі кеңесінің «Тұғырлы тарихы бар жарқын болашақ» тақырыбындағы медиафорумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған өзінің бейнежолдауында медиафорумның бүкіл қатысушыларына сәттілік тіледі.
Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев медиафорумның жұмысын ашып, өзінің сөзінде форум тақырыбы ортақ тамыры бар және түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастық үшін үлкен перспективалары бар түркі әлемінің барлық елдері үшін өзекті екенін атап өтті.
Қазақстандық делегацияны Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев бастап отыр.
Жалпы, медиафорум жұмысына Түркі кеңесіне мүше Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, бақылаушы ел - Мажарстан, сондай-ақ Түркіменстан елдерінен 350-ден астам адам қатысуда, олардың қатарында жетекші БАҚ өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, киноиндустрия, мемлекеттік органдардың өкілдері, белгілі блогерлер мен коммуникация факультеттерінің студенттері бар.
Форумда киноиндустрия және БАҚ саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері, сондай-ақ дезинформацияға, оның ішінде әлеуметтік желілерге қарсы бірлескен күрес талқыланады.