08 қаң, 2020 сағат 12:21

YouTube-тан қазақ мультфильмін таппаған бала, шетелдік өнім іздейді – сарапшы

Қазақ тілінде түсірілген мультфильмдерді YouTube арнасына көбірек жариялау қажет. Бұл туралы Қазақстанның анимациялық киностудиялары қауымдастығының төрағасы Жәнібек Оразалы ҚазАқпарат тілшісіне айтты.

«Бізде білікті мамандар бар. Енді қаржыландыру тиісті деңгейде болса, жылына 2 толықметражды, 10 қысқаметражды мультфильм шығару мүмкіндігі жасалады. Бұл тұрғыда «Balapan» арнасында өндірілетін өнімдерді қосып отырған жоқпын. Ал «Balapan» телеарнасында жылына өз алдына 200-300 минуттық анимациялық фильмдер жасауға қауқары бар», - деді Ж. Оразалы.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде «Balapan» арнасындағы сапалы өнімдер балалардың едәуір қызығушылығын тудырып келеді.

«Жалпы, балаларға экранда көрсетілетін фильмдер өзіндік әсерін тигізетіні белгілі. Сондықтан «Balapan» арнасында көрсетілетін анимациялық фильмдер санын жыл сайын арттырған дұрыс. Жасырын емес, бүгінде балалар «YouTube» каналындағы мультфильмдерді көп тамашалайды. Сондықтан қазақ көрермендерді жоғалтпаймыз десек, қазақ тілінде түсірілген сапалы өнімдерді «YouTube» каналына көбірек салған дұрыс болады. Балалар «YouTube» каналынан қазақша мультфильдерді таппағаннан кейін, шетелдік өнімдерді іздей бастайды», - деді қауымдастық төрағасы.