05 қаң, 2021 сағат 13:53

Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған деректі фильмі эфирге шығады

Бүгін, 5 қаңтар сағат 20:35-те «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы түсірген ағартушы, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен рухани мұрасына арналған «Ұстаз» деректі фильмі эфирге шығады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Фильм авторлары Орынбор шекара комиссиясының мұрағатынан патша үкіметінің қазақтарды шоқындыру саясаты қалай басталғанын көрсететін материалдарды тапты. Оқиға Ыбырай Алтынсарин мен орыс миссионері Ильминскийдің кездесуін көрсете отырып баяндалады. Фильмде Алтынсариннің және Ильминскийдің хаттары - Ильминскийдің 1869 жылы ағарту министрі Д.Толстойға, Алтынсариннің 1889 жылы В. Катаринскийге жазған хаты зерттеліп, христиан миссионерлерінің шынайы пиғылын ашатын үзінділер келтіріледі», - деп атап өтеді телеарнадан. 

Жобада сонымен бірге Ы.Алтынсариннің 1884 жылы шыққан «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты еңбегінің жарық көру тарихы, Троицк қаласында медресе ашылғанда Алтынсариннің оның салынуына өз қалтасынан қаржылай көмек бергені баяндалды. Мұнің бәрі ұлы ұстаздың тек қазақтың емес, барша түркі халықтарының орасан зор қайраткері екенін көрсетеді. 

Жоба авторы – журналист Дархан Әбдік. Деректі туынды «Qazaqstan» арнасынан бүгін сағат 20:35-те эфирге шығады.