23 қаң, 2024 сағат 14:23

Ясауидің Америкадан табылған қолжазбасының көшірмесі жарыққа шықты

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары ғұлама, ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің Америкадан табылған қолжазбасының көшірмесін жарыққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Рисала Мират әл Кулуб» кітабының түпнұсқасы ХІІ ғасырда араб графикасымен түркі тілінде жазылған. Қолжазба «Диуани хикметке» қарағанда проза түрінде жарық көрген. Үш тараудан тұратын шығарма әділдік, адалдық, ізгілік сияқты гуманистік құндылықтарды сипаттайды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазіргі уақытта мамандар Вашингтондағы АҚШ Конгресінің кітапханасынан табылған XVIII ғасырда көшірілген нұсқа мен бұрыннан бар түпнұсқаның ерекшелігін зерттеп жатыр.

«Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы қорына Қазақстан тарихына қатысты жазба мұраларды жинақтау барысында мұраларды іздеп табудың әртүрлі жолдары қолданылып жатыр. Соның бірі - көне қолжазбалар мен сирек кітаптардың, карталардың электронды нұсқаларын интернет жүйесінен іздестіру жұмыстары. Қазақстан тарихына қатысты өте маңызды деген бағалы жазба деректердің көшірмелері шетелдік сайттардан анықталып, факсимильді көшірмелері жасалады», - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының бас сарапшысы Алмат Абсалықов.  

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Кітапты түптеу жұмыстары 3 аптаға созылған. Факсимильді көшірменің жекелеген беттері блок түрінде тігілген. Мұқабаға 3 мм  картон қағазы мен ашық қоңыр түсті былғары қолданылған.

Қолжазбаның ХІІ ғасырдағы түпнұсқасы ҚР Ұлттық кітапханасында сақталған.