03 қыр, 2018 сағат 13:47

WBC президенті Геннадий Головкиннің қалай өзгергеніне таңғалды

Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) басшысы Маурисио Сүлейман соңғы уақытта орта салмақтағы WBC/WBA/IBO әлем чемпионы Геннадий Головкиннің өз қарсыласы, мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қатысты өткір пікірлер айтып, мінез-құлқы айтарлықтай өзгере бастағанын атап өтті, деп жазады Sports.kz.

GGG мен «Канелоның» қарым-қатынасы мексикалықтың кленбутеролға допинг-сынамасы екі рет оң нәтиже бергеннен соң бірден нашарлап, мамырдағы жекпе-жегі кейінге шегерілген болатын.

«Біз жаңа кезеңде, жаңа Головкинмен танысып жатырмыз. Соңғы жылдар оған ауыр тиді. «Канеломен» рематч туралы келіссөздер де қиынға соқты, себебі ол өзін кейінгі жоспарға ысырылғандай сезінді. Оның мәлімдемесі «Канелоға» жетіп, бұл оған рематчта ықпал етуі мүмкін. Біз бұл туралы жекпе-жек күні білетін боламыз. Олардың (Альварестің командасы) допингке қатысты проблемасы болды, ол кезде Головкин оның не екенін білген жоқ еді. Бұл оның ашуын туғызды», - деді Сүлейман Boxingscene.com-ға берген сұхбатында.