Бір адам қайырымды іс жасап, оның видеосын көрген 10 адам соны қайталаса, волонтер үшін нәтиже – сол. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бізде «Birgemiz» деп аталатын жалпыұлттық концепция бар. Осы бағыттардың бірі - «Таза Қазақстан» жобасы. Ол экологияға қатысты мәселелермен айналысады. Былтыр Алматыда сенбілік ұйымдастырып қана қоймай, мотивациялық ойындар арқылы волонтерлерді тарттық. Мысалы, сенбілік өткізген жерде йогамен айналыстық», - дейді Қазақстан волонтерлері лигасының төрайымы Айсұлу Ерниязова.
Қазақстан волонтерлер лигасы үйлестіру кеңесінің мүшесі Әзиз Кажденбек волонтерлер қайырымдылық ісін не себепті жария түрде істейтінін айтты.
«Бізден көбі қайырымдылықты не себепті жария түрле істейтініміз туралы сұрайды. Бір адам қайырымды іс жасап, оның видеосын көрген 10 адам қайталаса, біз үшін нәтиже – сол. Эковолонтерлікті де өз тәжірибемізде көрсетіп, ізбасарларымызға жеткізуге тиіспіз», - дейді Әзиз Кажденбек.