02 қар, 2020 сағат 17:45

Волейболдан Қазақстан суперкубогының иегері атанған командалар белгілі болды

Волейболдан ерлер және әйелдер арасында Қазақстан суперкубогының иегерлері белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан волейбол федерациясы мәлім еткеніндей, Таразда әйелдер арасында суперкубок үшін Өскеменнің «Алтайы» мен ел чемпионы «Жетісу» (Талдықорған) командалары таласты. 

Мұның алдында ел кубогы үшін өткен шешуші кездесуде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Сана Анарқұлова бастаған өскемендіктер талдықорғандықтардан 3:2 есебімен басым түскен еді. 

Бұл жолы «Алтай» қарсыласын 3:0 (25:16, 25:13, 25:23) есебімен үш партияда ұтып, суперкубок иегері атанды.

Өскемен клубының намысын қорғайтын Даница Радинкович матчтың үздік ойыншысы атанды.

Ерлер арасында Өскеменде өткен суперкубок үшін ойында ел чемпионы алматылық «Буревестник» пен «Атырау» командалары алаңға шықты. Мұның алдында атыраулықтар ел кубогы үшін жарыста үздік атанған еді.

Бұл жолы алматылықтар атыраулықтарды 3:0 (25:16, 25:19, 25:17) есебімен тізе бүктіріп, суперкубокқа ие болды.

Алматылық Нодирхан Қадырқанов кездесудің үздік ойыншысы атанды.