09 жел, 2020 сағат 17:40

Венеция тағы да су астында қалды

Теңіз деңгейі күтпеген жерден көтеріліп, оған қатты жел қосылып Венециядағы Әулие Марк соборының ең көне, төменгі бөлігі су астында қалды, деп хабарлайды ANSA агенттігі.

Венецияда теңіз деңгейі 122 см-ге дейін көтерілген. 130 см қауіпті деп есептелген және жергілікті биліктің айтуынша, қате болжамдарға байланысты жақында тәжірибелік негізде күшіне енген «Моисей» қорғаныс жүйесі іске қосылмаған. Болжам бойынша су деңгейі 145 см-ге дейін көтерілуі мүмкін.

Италияда ел бойынша қолайсыз ауа райына қатысты ескерту жарияланды. Ол жексенбіге дейін созылуы мүмкін. Таулардан көшкін жүргені туралы хабарланып жатқан Венето, Фриули-Венеция-Джулия, Эмилия-Романья аймақтары, сондай-ақ оңтүстік Кампания және Сицилия аралы табиғат апатынан көбірек зардап шекті. 

Аппениннің орталығы мен солтүстігіне қатты дауыл соғып, нөсер жаңбыр жауды. Бұл өңірде де тасқын мен су деңгейінің көтерілгені туралы хабарланып жатыр. Солтүстікте тіпті 600-800 метр биіктікке қар түскен. 

Сейсенбі күні метеоескертудің ең жоғары «қызыл» дәрежесі жарияланған Лациодағы Тибр өзенінің су деңгейі бақылауға алынды.