08 қаз, 2020 сағат 17:30

Ведомствоаралық комиссия: Бірқатар облыстағы тұрақтандыру қорындағы дәрі көлемі ұлғайтылады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың төрағалығымен өткен Ведомствоаралық комиссияның отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар шешім қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

«Шымкент қаласы, Ақмола, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктеріне тұрақтандыру қорларындағы дәрілік заттар резервінің көлемін ұлғайту тапсырылды», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңесте Үкімет мүшелеріне дәрі-дәрмек бойынша тұрақтандыру қорларын белгіленген нормативке сәйкес жасақтауды тапсырған еді.

«Біз жаз айларында дәрі-дәрмек тапшылығын айқын сезіндік. Менің тапсырмам бойынша нақты жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, екі айға жететін қор жасақталып, ең қажетті деген дәрі-дәрмектің тізімі ұлғайтылды. Оны сырттан әкелу және тіркеу тәртібі жеңілдетілді. Бірақ, өңірлерде дәрі-дәрмектерді тұрақтандыру қорларының көлемі және дайындық жұмыстары біркелкі емес», деген еді Президент.